Атырауда облыстық ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті

Атырауда облыстық ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың төрағалығымен облыстық үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға кеңес мүшелері, басқарма басшылары мен өкілдері, бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Отырыста 2026 жылға жоспарланған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен мемлекеттік гранттардың тақырыптарын бекіту мәселесі қаралып, діни тұрақтылықты сақтау, экологиялық мәдениетті арттыру, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау және білім беру бағыттары бойынша ұсынылған әлеуметтік жобалар талқыланды.

Жиында экологиялық ағарту мен экокөрмелерді қамтитын «ЭкоFest» фестивалі, «EcoQuiz» олимпиадасы, «Жасыл балабақша» және «Экокласс» бастамалары, сондай-ақ «Ұрпағыңмен мың жаса», «Atyrau Bilim Media», балалардың құқығы мен психологиялық саулығын қорғау және «Білім Инновация» лицейлері тәжірибесін енгізу сияқты тақырыптар ұсынылды.

Отырыс қорытындысында Кеңес мүшелері ұсынылған шаралардың қаржыландыру көлемін арттыру және жобалар санын көбейту қажеттігін атап өтті.

Өз кезегінде Дарын Шамұратов өңірдегі өзекті мәселелерді сала бойынша белсенді ҮЕҰ-мен бірлесіп талқылаудың маңыздылығын айтып, ұсынылған жобаларды келесі Кеңес отырысында қайта қарауды тапсырды. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуде ҮЕҰ-дың белсенділігін арттыру, мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру бағытындағы кешенді жұмыстар жалғасатынын айтты.