Атырауда жастар арасында экоакция ұйымдастырылды

Атырауда жастар арасында экоакция ұйымдастырылды

«Ретро саябақта» «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық акциясы аясында «Экомәдениет – жарқын болашақтың кепілі» атты іс-шара өтті.

Акцияның негізгі мақсаты – қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатқа жанашырлық таныту және жастарды белсенді азаматтық ұстанымға баулу. Кездесу барысында қатысушылар экология тақырыбында пікір алмасып, волонтерлік бастамалармен танысып, «жасыл» өмір салтын насихаттауға бағытталған жобалар туралы ақпарат алды. 

Бағдарлама аясында «Green Step School» экологиялық жобасының арт көрмесі, шеберлік сағаты және таныстырылымы ұйымдастырылды. «Green Step School» жобасының үйлестірушісі Алмат Тағыбергеновтің айтуынша, экологиялық ойлау қабілетін ерте жастан қалыптастыру маңызды. 

⁃ Табиғатты қорғау тек сенбілікпен шектелмеуі керек, ол күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Бүгінгі кездесу —жастардың «жасыл» бастамаларды жүзеге асыруына түрткі болатын маңызды алаң, – деді ол.

Айта кетейік, Іс-шараны Атырау облыстық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.