
25 қазан – Республика күніне орай аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің қатысуымен Мемлекеттік Туды салтанатты түрде көтеру рәсімі өтті. Іс-шараға мемлекеттік және аймақтық мекемелердің өкілдері, спортшылар, әскери қызметкерлер және қала тұрғындары қатысып, барлығы 600-ден астам адам жиналды.
Салтанатты жиында Мемлекеттік Гимн орындалып, биіктігі 91 метр болатын тұғырға көк байрағымыз көтерілді.
Іс-шара соңында жергілікті өнерпаздар «Көк тудың желбірегені», «Сүйемін, Қазақстан» әндерін орындап, халыққа ерекше патриоттық көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, биыл еліміз үшін ерекше тарихи мәнге ие күн – Республика күнімен қатар, Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығы бірге аталып өтуде.
Мереке аясында облыс бойынша 70-ке жуық іс-шара ұйымдастырылып, ел бірлігін нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және тәуелсіздіктің маңызын ұғындыру бағытында түрлі мәдени, патриоттық және қоғамдық шаралар өткізілуде.