
Атырауда 25 қазан – Республика күніне орай «Отаным – бақыт ордасы» атты салтанатты жиын өтті. Іс-шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, атыраулықтарды ұлттық мерекемен құттықтады.
Сондай-ақ аймақ басшысы еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, белсенді қоғамдық қызмет атқарған бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар табыс етті.
Олардың қатарында «Тхоньиль-Атырау» кәріс этномәдени бірлестігінің төрайымы Ли Людмила Валентиновна да бар. Ол қоғамдық келісім мен этносаралық бірлікті нығайту, әлеуметтік және мәдени бастамаларды дамыту ісіндегі еңбегі үшін «Құрмет» орденіне ие болды.
Сондай-ақ «БолашақК» қоғамдық қорының жетекшісі Бисенова Жібек Қуанғалиевна мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі табанды еңбегі мен азаматтық белсенділігі үшін «Шапағат» медалімен марапатталды.
Айта кетейік, Людмила Ли этномәдени бірлестік жұмысы арқылы ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісім құндылықтарын дәріптеп жүр. Ал, Жібек Бисенова 25 жылдан астам уақыт бойы мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту және инклюзияны дамыту ісіне үлес қосып келеді. Екеуіде өңірдің әлеуметтік және рухани өмірінде белсенді рөл атқарып келеді.
Марапат иелерін шын жүректен құттықтаймыз! Еңбектеріңізге табыс, жаңа жетістіктер мен биік белестер тілейміз!