Атыраулықтар «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының лауреаттарын қарсы алды

Атыраулықтар «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының лауреаттарын қарсы алды

Атыраулықтар Республика күні қарсаңында Астанада өткен «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының жеңімпаздарын қарсы алды. Биыл байқауда Атырау облысынан Утеповтер әулеті үздік 20 отбасының қатарынан табылып, өңір мерейін асырды.

Құрманғазы ауданының Ақкөл ауылында тұратын өнегелі жанұя – теміржол саласында бірнеше буын өкілдерімен абыройлы еңбек етіп келе жатқан отбасы. Отағасы Зияпеден Сейтұлы Утепов жарты ғасырдан астам уақытын теміржол ісіне арнап, еңбек ардагері атанған. Зайыбы Мағауира Қасымқызы – сауда саласының зейнеткері, ауылдық аналар кеңесі мен әжелер ансамблінің белсенді мүшесі. Биыл ерлі-зайыптылардың отасқандарына 50 жыл толып, алтын той иегерлері атанды.

Әулет мүшелері түрлі салада абыройлы еңбек етіп, жастарға үлгі болып келеді. Немерелері білім мен өнерде жетістікке жетіп, ел абыройын асқақтатуда.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы – отбасылық құндылықтарды дәріптеп, бірлікті нығайтуды мақсат ететін жоба. Биыл оған еліміздің барлық өңірінен 3400-ден астам отбасы қатысып, үздік 20 әулет анықталды.

Атыраулықтар Утеповтер отбасын зор құрметпен қарсы алып, еңбегі мен үлгілі өмір жолына ризашылық білдірді.