Республика күніне орай «Atyrau Puzzle Day 2» зияткерлік сайысы өтті

Республика күніне орай «Atyrau Puzzle Day 2» зияткерлік сайысы өтті

Атырауда Республика күні қарсаңында жастар арасында «Atyrau Puzzle Day 2» зияткерлік сайысы өтті. Интеллектуалды додаға 200-ден астам жас қатысып, барлығы 41 команда өзара бақ сынады.

Әр команда 500 элементтен тұратын күрделі пазлды белгіленген уақыт ішінде құрастыру арқылы логикалық ойлау мен топтық жұмыс қабілеттерін сынады. Іс-шараның мақсаты – өңір жастарының зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту, бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуге мүмкіндік жасау.

Сайыс нәтижесінде жылдамдық пен дәлдікті ұштастыра білген үздік командалар анықталып, жеңімпаздарға 300 000 теңге көлеміндегі жүлде қоры табысталды.

Атап айтсақ, І орын Жылыой ауданынан келген «8 сағат» командасына бұйырды. Ал Атырау қаласынан қатысқан «Number one» ІІ орынды, «Сниккерс» тобы ІІІ орынды иеленді.

Іс-шараны Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Жеті Жарғы» қоғамдық қоры ұйымдастырды.