
Облыста көп жылдан бері татулық пен бірлікті, мәдени сан алуандықты насихаттап келе жатқан Татар-башқұрт этномәдени бірлестігі 30 жылдық мерейтойын атап өтті. Сондай-ақ бірлестіктің шығармашылық құрамының ажырамас бөлігі саналатын «Татулық» хорының құрылғанына 25 жыл толды.
Салтанатты іс-шара Достық үйінде ұйымдастырылып, оған Татарстан Республикасынан арнайы келген делегация, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері, өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен құрылым жетекшілері, жастар және қала тұрғындары қатысты.
Мерекелік кеш барысында татар және башқұрт халықтарының ұлттық әндері мен билері орындалып, дәстүрлі өнер туындылары көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар қатысушылар «Татулық» хорының шығармашылық дамуын, оның өңір мәдениетіне қосқан үлесін баяндайтын бейнеролик тамашалады.