«Demey» конкурсы аясында «Құрақпен тігілген үміт» жобасы жүзеге асырылуда

«Demey» конкурсы аясында «Құрақпен тігілген үміт» жобасы жүзеге асырылуда

Атырауда Азаматтық орталықтың ұйымдастыруымен өткен «Demey» облыстық конкурсының жеңімпазы Шахарман Ерсейтованың «Құрақпен тігілген үміт» жобасы басталды.

Бұл бастама «Birgemiz: Sabaqtastyq» бағыты аясында іске асырылып, отбасылық құндылықтарды сақтау, ұлттық тәрбиені дәріптеу және ұрпақтар арасындағы сабақтастықты нығайтуды мақсат етеді.

Жоба аясында келін мен ене, әже мен немере арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты арттыруға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл арқылы қатысушылар қазақы тәрбиенің мәні мен маңызын ұғынып, ұлттық дәстүрлердің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына үлес қосты.

Жобаға 12 мен 80 жасқа дейінгі түрлі буын өкілдері - зейнеткер аналар, жас келіндер, мектеп оқушылары, колледж студенттері мен көпбалалы отбасылардың балалары қатысты.

Іс-шара барысында шеберлік сабақтары өткізіліп, қатысушылар құрақ көрпе тігу және өзге де қолөнер түрлерін үйренді. Сонымен қатар, жасөспірім қыздарға арналған шолпы тағу дәстүрі көрсетіліп, ұлттық тәрбиенің өмірдегі рөлі мен маңыздылығы түсіндірілді.