Атырауда еріктілер полиция қызметімен танысты

Атырауда еріктілер полиция қызметімен танысты

Облыста «Заң мен тәртіп» жобасының аясында «Тәртіпті өзіңнен баста» атты ауқымды акция ұйымдастырылып, еріктілер полиция қызметкерлерінің жұмысымен жақыннан танысты,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Іс-шара барысында еріктілер бірнеше сағат бойы тәртіп сақшыларымен бірге жұмыс жасап, құқық қорғау саласының қызметін жақсырақ түсінуге, қоғамдық тәртіпті сақтаудың жауапкершілігін сезінуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар құқықбұзушылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру тақырыптары талқыланды.

- Акцияның негізгі мақсаты — қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру, жас ұрпақ арасында тәртіп пен заңды сақтаудың маңызын түсіндіру, сондай-ақ еріктілер мен полиция қызметкерлерінің арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Бұл акция жастардың құқықтық мәдениетін нығайтып қана қоймай, еріктілер мен полиция қызметкерлері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жол ашты,- деді Атырау облысының Жастар ресурстық орталығының маманы Әли Төлеген.

Іс-шараға болашақта тәртіп сақшысы болуды армандайтын 15 оқушы қатысты. Айта кетсек, мұндай акция өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.