Бүгін XII Азаматтық форумның екінші күні үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларының көрмесімен басталып, 10 жоба таныстырылды.
Пленарлық отырыспен жалғасқан жиында азаматтық қоғамды қолдау және үкіметтік емес ұйымдардың рөлі талқыланды. Форум жұмысына облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы маңызын атап өтті.
Форум барысында азаматтық қоғамды қолдау бойынша мемлекеттік саясаттың жаңа мүмкіндіктері талқыланып, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту тәжірибелері ұсынылды. Сондай-ақ ҮЕҰ өкілдері өздерінің үздік әлеуметтік жобаларын таныстырды.
Іс-шара аясында аймақ басшысы екі бірдей конкурстың жеңімпаздарын марапаттады. Атап айтсақ 26 волонтер қатысқан «DEMEÝ» облыстық конкурсынан іріктелген 6 үздік жоба 1 млн теңгеден грант иеленді. Ал «Qolday» облыстық конкурсына 31 ҮЕҰ қатысып, 6 ұйым үздік деп танылып, әрқайсысы 2 млн теңгеден қолдауға ие болды. Сонымен қатар ҚР Азаматтық Альянсының Алғыс хаты 8 белсенді ҮЕҰ-ға табысталды.
Форум соңында облыс әкімі азаматтық қоғам өкілдеріне өңірдің дамуына қосқан үлестері үшін алғыс білдіріп, серіктестікті нығайта түсуге шақырды.