Баспасөз мәслихатына облыстық Ішкі саясат басқармасының Жастар және әлеуметтік бастамаларды қолдау бөлімінің басшысы Айдар Жален мен «Жастар таңдауы - Атырау» қоғамдық бірлестігінің менеджері Ерболат Балабаев қатысты.
Брифинг барысында Халықаралық жастар күніне арналған «Atyrau Jastar Fest – 2025» онкүндігі туоалы айтылды. Биыл 10–24 тамыз аралығында шығармашылық, спорттық, танымдық және инновациялық бағыттағы 20-ға жуық іс-шара ұйымдастырылып, жалпы 10 мыңнан астам жас қамтылады.
Атап айтсақ, поэзия және кітап кештері, «Atyrau Quiz», «Atyrau Puzzle Day» интелектуалды ойындары, «Ulttyq Cover» және «Atyrau Youth Dance» өнер байқаулары, «Atyrau Youth Hackathon» инновациялық сайысы, «AJF eSports Cup 2025» киберспорт турнирі, «Tungi Run» кешкі марафоны, «Atyrau Books» кітап және қолөнершілер жәрмеңкесі, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған үш күндік шеберлік сабақтары өтеді.
16 тамыз күні өтетін «Atyrau Jastar Fest – 2025» гала-концертінде жастар саясатына үлес қосқан үздіктер марапатталып, «Тәуелсіз ұрпақтары» шағын гранттарының иегерлері жарияланады.
Онкүндіктің басты мақсаты – өңір жастарына шабыт сыйлау, олардың шығармашылық әлеуетін арттыру және жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайту.