Атырауда Жайдарман ойындарының «Маусымашар-2025» фестивалі өтті

Атырауда Жайдарман ойындарының «Маусымашар-2025» фестивалі өтті

Кешкі бағдарламаға өңірдің әр ауданынан келген 9 команда қатысып, көрерменге өз өнерлерін ұсынды. Қатысушылардың барлығы – бұл салада алғаш бақ сынап жатқан жас әрі болашағынан үміт күттіретін жайдарманшылар.

Бұл іс-шара — сахнада алғаш рет өнер көрсетіп тұрған жас жайдарманшылар үшін тәжірибе алмасуға, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға арналған.

Биыл маусымда бірқатар жаңашыл бағыт енгізілуде. Солардың бірі – алғаш рет құрылатын «Мектеп» лигасы. Бұл мектеп оқушыларының сахна мәдениетін меңгеріп, шығармашылық қабілетін шыңдайтын таптырмас алаң болмақ. Сонымен қатар маусым бойы тақырыптық фестивальдер, маусымдық кубок ойындарын өткізу жоспарланды.

Фестиваль аясында жас жайдарманшыларға арналған авторлық сабақтар, кәсіби әзілкештермен кездесулер, редакторлық қаралымдар мен арнайы іріктеу кезеңдері ұйымдастырылды. Бұл үрдіс жастардың сахнада еркін сөйлеу, логикалық ойлау және топпен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға бағытталған.

Шара соңында командаларға дайындық деңгейіне қарай облыстық және қалалық лигаларға жолдамалар табысталды.

Айта кетейік, «Жайдарман» ойындары облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Ақсұңқар» қоғамдық қоры ұйымдастыруымен жыл сайын жүзеге асып келеді.