18-35 жас аралығындағы жұмыссыз және кәсіби білім ала алмай жүрген жастарды қолдауға бағытталған «Isker Adamdar» жобасы іске қосылды. Бағдарлама Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Қоғамдық денсаулық сақтау институты» жекеменшік мекемесінің ұйымдастырудастыруымен іске асырылуда.
Мақсаты – жастарды еңбек нарығына бейімдеу және кәсіби бағыт-бағдар беру. Маусымда басталған жобаға онлайн түрде 534 жас тіркеліп, олардың ішінен 200 қатысушы іріктелді.
Жоба аясында үш күндік тренинг өткізіліп, жастар кәсіпкерлік негіздері, заманауи маркетинг, жоба әзірлеу, психологиялық тұрақтылық, эмоцияны басқару, мақсат қою, жеке бренд қалыптастыру және аудиториямен жұмыс жасау бойынша білім алды.
Бүгінде 9 бағыт бойынша практикалық курстар оқытылуда. Мұнда аспаз, шаштараз, барбер, бет әрлеу, бармен-бариста, массаж, сылақшы, жылыжай маманы және жиһаз құрастырушы мамандықтары қамтылған.
Жоба тек оқыту шараларымен шектелмейді. Белсенділік танытқан 50 қатысушының әрқайсысына 250 000 теңге көлемінде құрал-жабдық түрінде грант ұсынылса, оның ішінде үздік деп танылған 10 жобаға 350 000 теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіледі.
Сонымен қатар қатысушылардың жобалары тұрақты бақылауға алынып, өңір кәсіпкерлерімен тәжірибе алмасу үшін кездесулер ұйымдастырылады.