Атырауда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны өтті. Іс-шараны облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен Атырау қалалық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
Республикалық марафон Ақтөбе облысынан басталып, Батыс Қазақстан облысы арқылы Атырауға жетті. Кезекті шарада Ақжайық өңірінің жастары «Өсиет хатты» салтанатты түрде Атырау жастарына табыстады.
Батыс Қазақстан облысынан келген делегация құрамында Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шукеева мен БҚО Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сәрсенбаев болды.
Іс-шара барысында Атырау облысы «Өсиет хатты» қабылдап, эстафетаны Маңғыстау облысына жолдады. Бұл хат – жай ғана қағаз емес, аға буынның ел амандығына деген сенімі мен ұрпаққа қалдырған рухани аманаты.
Ерлікпен ел қорғаған ардагерлердің өсиетін кейінгі ұрпаққа жеткізіп, елжандылықты насихаттау және жастар арасында тарихи жадыны жаңғырту мақсатында өткен шараға 60-қа жуық жас қатысты.