Баспасөз мәслихатына облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім Досқалиева мен Полиция департаментінің аға жедел уәкілі Марьяна Жанғалиева қатысты.
Брифинг барысында спикерлер жастарды зиянды әдеттерден қорғау бағытында қабылданып жатқан кешенді шаралар туралы мәлімдеді. Атап айтқанда, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында 70-тен астам профилактикалық іс-шара өтіп, 5000-нан астам жас қамтылды. Сондай-ақ, «Тәуелсіз өмір» жастар қозғалысы құрылып, волонтерлар мен спортшылардың қатысуымен рейдтер ұйымдастырылуда.
Өз кезегінде Ә.Досқалиева нашақорлық пен лудоманияға қарсы тәулік бойы анонимді call-орталық жұмыс істейтінін, оған 51 қоңырау түсіп, 5 адам нақты көмек алғанын айтты. Бүгінге дейін киберволонтерлердің көмегімен 40 сайт анықталып, 35-і бұғатталған.
Брифинг барысында М.Жанғалиева синтетикалық есірткінің мектеп оқушыларына дейін жетіп жатқанын, соңғы 3 жылда ондаған жасөспірім жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, есірткіге қарсы заңнаманың қатайғанын, ал «дәріханалық нашақорлыққа» қатысты бақылаудың күшейтілген айтты. Қазіргі уақытта облыста 300-ге жуық сайт пен 500-ге жуық банктік шот бұғатталып, заңсыз айналған 30 млн теңгенің жолы кесілген.
Жиын соңында спикерлер ата-аналар мен жастарды қауіпсіздік мәселесіне бейжай қарамауға шақырды.