Бүгін Атырау қаласының Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Еркебұлан Мутигуллиннің қатысуымен облыстық «Тәуелсіздік ұрпақтары» грант жобасы бойынша баспасөз брифингі өтті.
Биыл гранттар саны өткен жылмен салыстырғанда 80%-ға артып, жоба алты негізгі бағыт бойынша жүзеге асады. Атап айтсақ, ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа және волонтерлік. Әр бағыттан үш үздік жоба іріктеліп, 18 жеңімпаздың әрқайсысына 1 миллион теңгеден қаржылай қолдау көрсетіледі.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты – жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға және әлеуметтік бастамаларды қолдауға бағытталған. Бұл – жастардың тек идея ұсынумен шектелмей, оны нақты іске асыруына берілген мүмкіндік. Биыл өтінім берушілердің санын 400-ге жеткізу көзделді, бұл - өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге көп.
Жоба аясында қатысушылар үшін арнайы екі күндік оқыту-тренингтері ұйымдастырылады. Онда жоба жазу, смета құру және презентация жасау бойынша тәжірибелік білім берілмек.
Еске салайық, 2024 жылы грант бес бағытта беріліп, 139 өтінімнің ішінен техникалық іріктеуден 94-і өтті. Соңында 10 үздік жоба бір миллион теңгелік грантқа ие болды. Олардың ішінде экология, цифрлық білім, дәстүрлі өнер мен отандық өнім өндірісін дамыту секілді бастамалар бар.
Грантқа 14-35 жас аралығындағы Қазақстан азаматы үміткер бола алады. Өтінімдер 6 шілдеге дейін қабылданып, жеңімпаздарды марапаттау 12 тамызда Жастар күніне орай өткізіледі.