Атырауда «Нашақорлық пен ойынқұмарлықтың алдын алу бойынша шаралар кешені» жобасы аясында Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған қалалық акция басталды.
Жобаның негізгі мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткі және құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу.
1 маусымда тұрғын аудандардың жастары арасында әуесқой футбол және волейбол лигаларының ашылып, алғашқы ойындар өтті.
Әр спорт түрінен 16 командадан қатысуда. Кезеңдік ойындар әр апта сайын 26 маусымға дейін жалғасады.
Финалдық ойындар - 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне қарсаңында ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталады.
Аталған жоба Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Ақсұңқар» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асуда.