«Жылыой ауданына көктемгі су тасқынынан қорғану және оның зардаптарын жою жұмыстарын жүргізуге бөлінген бюджет қаражатының тиімділігіне мемлекеттік аудит» аудиторлық іс-шарасы нәтижесі бойынша баспасөз-релиз

«Жылыой ауданына көктемгі су тасқынынан қорғану және оның зардаптарын жою жұмыстарын жүргізуге бөлінген бюджет қаражатының тиімділігіне мемлекеттік аудит» аудиторлық іс-шарасы нәтижесі бойынша баспасөз-релиз

2025 жылдың 13 наурызында Тексеру комиссиясының кезекті отырысы  өтіп, онда Жылыой ауданына көктемгі су тасқынынан қорғану және оның зардаптарын жою жұмыстарын жүргізуге бөлінген бюджет қаражатын жоспарлау тиімділігіне және пайдалану негізділігіне жүргізілген аудиторлық іс-шарасының қорытындысы қаралды.

Аталған іс-шарамен Жылыой ауданы әкімі аппараты, Жылыой ауданы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі, Аудандық маңызы бар Құлсары қаласы әкімі аппараты, Жылыой ауданы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, Жылыой ауданы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі қамтылды.

Мемлекеттік аудит нәтижесімен 6 970,5 млн. теңгенің бұзушылығы, 33 бірлік рәсімдік сипаттағы бұзушылық және 4 бірлік жүйелік кемшілік анықталды.

Анықталған бұзушылықтар Қазақстан Республикасының Бюджет кодексін, мемлекеттік сатып алу және бухгалтерлік есеп жүргізу нормаларын, сондай-ақ табиғи апат зардаптарын өтеу, әлеуметтік көмек көрсету және жол жүру қағидаларын, бюджеттің атқарылу ережесін сақтамау салдарынан туындаған.

Мәселен, 244,2 млн. теңгеге анықталған қаржылық бұзушылықтар бойынша:

- Жәбірленушілерден бірінші қажеттілікке жататын мүліктерге шағым түспесе де, бағалау туралы есепте бірінші қажеттілікке жататын мүліктің өтемақы сомасы көзделмесе де, жәбірленушілерге бірінші қажеттілікке жататын мүлікттерге 48,1 млн. теңге өтемақы сомасы негізсіз төленген;

- Бағалау туралы есепте бірінші қажеттілікке жататын мүліктің өтемақы сомасы 150 АЕК мөлшерінде көзделсе де, жәбірленушілерге бірінші қажеттілікке жататын мүлікке өтемақы сомасы екі еселеніп төленіп, нәтижесімен 1,1 млн. теңге өтемақы сомасы негізсіз төленген;

- Зардап шеккен мүлікке төлем бюджет қаражатынан да, қордан да төленіп, нәтижесімен 0,9 млн. теңге өтемақы сомасы жәбірленушіге негізсіз төленген;

- Бір отбасыдан бір мекенжайға екі құжат тапсыру фактілері анықталып, әлеуметтік көмекке 1,8 млн. теңге өтемақы сомасы жәбірленушілерге негізсіз төленген;

- Бөгеттерді нығайту (дамба салу), гүлдер вазондарын жөндеу бойынша орындалмаған жұмыстарға 24,2 млн. теңге төлем негізсіз жүргізілген;

- 167,1 млн. теңгеге қаржылық есептіліктер бұрмаланған.

Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарынан зардап шеккен тұрғындардың шығындарын өтеуге және оларға бір жолғы әлеуметтік көмек көрсетуге жоспарланған сома пайдаланбай, сонымен қатар, төтенше жағдайды оқшаулау және (немесе) жою үшiн қажетті тауарлар, жұмыстар сатып алынбай, қаражат қысқартылып, нәтижесімен 5 117,4 млн. теңгеге бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланған.

Республика мен облыс бюджетінен немесе қор есебінен төленетін төлемдер жергілікті бюджеттен төленген, бюджеттік бағдарлама әкімгерінің теңгерімінде есепте тұрмайтын бөгеттерге бюджет қаражаты жұмсалған, нәтижесімен, 1 609 млн. теңгеге бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылған.

Сондай-ақ, мемлекеттік аудит нәтижесімен жергілікті атқарушы орган мен меншік иесі арасында жөндеу жұмыстарын өз бетінше жүзеге асыру үшін қаражат төлеуге жасақталған келісімдер, бюджеттік бағдарлама әкімгерлерінің бюджеттік өтінімдері, бюджеттік бағдарламалары (кіші бағдарламалары) тиісті Қағидалар  талаптарына сәйкес жасақталмағандығы, сатып алынған арнайы техникалар мемлекеттік тіркеуден өткізілмей, пайдалануда екендігі, міндеттемесін тиісінше орындамаған өнім берушілерді жосықсыз өнім берушілер тізіміне қосу үшін талап арызбен сотқа жүгінбегендігі және басқа да бірқатар кемшіліктер анықталды.

Сонымен қатар, мемлекеттік аудит нәтижесімен апатты деп танылған немесе бұзуға жататын тұрғын үйлердің зиянды (нұсқанды) бағалау және өтеу жөніндегі шарттар негізінде тараптармен келісім бойынша міндеттемелерін орындау барысында бірқатар бұзушылықтар мен кемшіліктерге жол бергендігі анықталды. Мәселен:

- апатты деп танылған тұрғын үйлер зардап шегушілермен шартта белгіленген мерзімде бұзылмаған;

- апатты жағдайдағы тұрғын үйлерге зардап шегушілермен өз бетінше жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әрі қарай тұруға пайдаланған;

- апатты деп танылған тұрғын үйлер сыйға тарту шарттарына сай үшінші тұлғаға сыйға берілген немесе сатып алу-сату шарттарына сай үшінші тұлғаға сатылған;

- зардап шегушілермен тұрғын үйлерді бұзғаннан кейін тұрғын үйлерді бұзу актісін жасақтамаған, сәйкесінше, тұрғын үйді бұзуға байланысты жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу органға тұрғын үйге құқықтың тоқтатылуы жүргізілмеген.

Мемлекеттік аудит нәтижесімен жоғарыда аталған мәселелер бойынша табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан жеке тұлғаның мүлкіне келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актіні жетілдіру және бірыңғай тәртіпті белгілеу мақсатында, ұсыныстар орталық атқарушы органына жолданды.

Әкімшілік құқық бұзушылық белгісі бар фактілер бойынша материалдар әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органдарға жолданып, нәтижесімен 118,0 мың теңгеге айыппұл салынды.

Мемлекеттік аудит қорытындысымен анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою, бұзушылықтарға жол берген лауазымды адамдардың жауаптылығын қарау және аудан аумағындағы судан қорғану бөгеттерін түгендеу, теңгерімге алу бойынша шаралар қабылдау бойынша ұсынымдар мен тапсырмалар берілді.