Аудан әкімі ауызашар берді

Аудан әкімі ауызашар берді
Қасиетті Рамазан айында аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев «Исатай-Махамбет» мешіті медресесінің үлкен залында аудан жұртшылығына арнап ауызашар берді. Оған бөлім, мекеме басшылары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, мешіт жамағаты қатысты.
Аудан басшысы ауыз бекіткен жандарды құттықтап, еліміз бейбіт ғұмыр кешіп, өркендей берсін деген ізгі тілегін жеткізді.
Рамазан –  барша мұсылман қауымы үшін ерекше ай. Әркез халқымыз ата-баба салтына сай дархан көңілдерін, ризашылық ниеттерін дастарқан жаю арқылы жеткізетіні белгілі. Мың айдан да қадірлі айымыз да аяқталып келеді. Ренжіскен жандар кешірісіп, тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болғай. Еліміздің бірқатар өңірінде өр суы арнасынан асып, төтенше жағдай орын алды. Ауданымызда да көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары жүйелі жүруде. Осы орайда баршаңызды осы іске белсене қатысып, туған жерді табиғи апаттан сақтап қалуға шақырамын. Ұйымшылдықпен ортақ іске жұмылайық дегім келеді. Елімізде тыныштық, әр отбасыда бақ-береке болсын,- деді аудан әкімі.
Кейін ауданның бас имамы Нұрбек Ибайдуллаев өмірден озған ата-бабалар рухына арнап құран бағыштады. Ауызашар дастарханы басында елдің ауызбірлігі мен ынтымақтастығы тақырыбында келелі әңгімелер өрбіді. Ауызашар соңында ақсақалдар қауымы сауапты іс атқарып отырған аудан басшысы Қайрат Есқабылұлына алғыс айта отырып, әкімдік қызметіне табыстар тіледі.