Махамбет ауданында жаңа «Таңдай» спорт кешені ашылды

Махамбет ауданында жаңа «Таңдай» спорт кешені ашылды

25 қазан – Республика күніне орай Махамбет ауданының Таңдай ауылында 150 адамға арналған заманауи «Таңдай» спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев, Атырау облысы Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықов, Атырау облысы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқарма басшысының орынбасары Гүлбаршын Арыстанова қатысты.

Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев ауыл тұрғындарын жаңа спорт кешенінің ашылуымен және 25 қазан – Республика күнімен құттықтап, игі тілегін жеткізді.

Жаңа нысанның жалпы ауданы 2077,12 шаршы метр, мұнда 400-ге жуық бала түрлі спорт түрлерімен айналыса алады.

Кешенде: ойын және жаттығу залдары, киім ауыстыру бөлмелері мен душ, медициналық кабинет бар.

Мұнда футбол, волейбол, баскетбол, бокс, дзюдо, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, грек-рим күресі секциялары жұмыс істейді.

– Балалар мен жастардың спортқа қызығушылығын арттыру – біздің басты мақсатымыз. Бұл нысан ауыл спортының дамуына зор серпін береді, – деді облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықов.

Жоба «Атырау облысы Құрылыс басқармасының» тапсырысымен жүзеге асып, құрылысын «Сұңқар Құрылыс LTD» ЖШС жүргізді. Техникалық қадағалаушы – «Гранд Урбан» ЖШС, жобалаушы – «Су құрылыс Проект» ЖШС.