Атырау төрінде ел рухын асқақтатқан үлкен әдеби мереке өтті.
Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында Махамбет поэзиясы күніне және Халықаралық Махамбет атындағы әдеби сыйлығын табыс етуге арналған салтанатты шара ұйымдастырылды.
Жыр сүйер қауымға рухани азық сыйлаған кеш Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйімен ашылып, ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жәнібек Жәмиевтің орындауымен көркем сахналық көрініспен басталды.
Алаш рухының алып жыршысы Махамбет Өтемісұлына арналған бұл шара биыл ерекше сипатқа ие болды. Себебі, Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, Қазақстан Жазушылар Одағы мен Махамбет атындағы әдеби сыйлық тұңғыш рет Халықаралық деңгейде табысталды.
Халықаралық Махамбет атындағы әдеби сыйлығының иегерлері:
• Оразбаев Иранбек – ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері;
•Бөпежанова Әлия – сыншы, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
Салтанатты рәсімде Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов құттықтау сөз сөйлеп, Махамбет мұрасын ұлықтаудың маңыздылығын атап өтті.
Шара соңында көрермен назарына жазушы Тәкен Әлімқұловтың «Қош бол, Қарой» драмасы ұсынылды.