“Жұмысшы мамандығы және Қазақстан жазушыларының шығармалары" тақырыбындағы пленум отырысы басталды
Бүгін Атырауда еңбек адамының мәртебесін арттыру мен әдебиеттегі жұмысшы бейнесінің маңызын талқылайтын маңызды жиын – пленум отырысы өтті.
Жиынға қоғам қайраткерлері, жазушылар, зиялы қауым өкілдері мен сала мамандары қатысты. Пленум отырысын Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов ашты. “Тұңғыш рет ақын-жазушылар киелі мекен Түркістанда бас қосты. Енді міне, қасиетті өлке ақ Жайықтың бойында тағы кездесіп отырмыз. Қош келдіңіздер! Бұрын шопан, балықшы деген атақты еңбеккерлердің образдарымен сусындадық. Олардың әдебиеттегі кесек болмысын, жігерлі рухын сезініп өстік. Ал қазір? Бүгін шығармаларда кейіпкерлер өзгерді. Қарапайым еңбек адамдарының бет-бейнесі жоғалды. Осы шара жұмысшылардың жаңа келбетін ашуға мүмкіндік береді” деді.
Кейін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов сөз алып, ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқыды. Пленум жұмысына сәттілік тіледі.