Атырау қаласында өткен Республикалық деректі кино апталығы

Атырау қаласында өткен Республикалық деректі кино апталығы

Атырау қаласында өткен Республикалық деректі кино апталығының алғашқы күні көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Шара аясында TRK Documentary ұсынған «ARAL» және «СЕРТ» деректі фильмдері көрсетілді.

«ARAL» – Арал теңізінде өмір бойы балықшы болған Күнтуған Тұрғынбаевтың тағдырын арқау еткен деректі фильм-портрет. Туынды арқылы көрермендер Арал өңірінің тыныс-тіршілігімен танысып, теңіз тағдыры мен экологиялық мәселелердің адам өміріне әсерін терең сезіне алды.

Ал «СЕРТ» деректі фильмі кейіпкерлердің әңгімелері арқылы 2024 жылдың көктемінде Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында болған жойқын су тасқыны кезінде халықтың бастан өткерген қиындықтарын баяндайды. Сондай-ақ фильмде елдің табиғи апат салдарын еңсеру жолындағы бірлігі мен Мемлекет басшысының тапсырмаларының келесі бес ай ішінде қалай жүзеге асырылғаны көрсетіледі.

Көрермен Арал теңізінің тағдыры мен экологиялық мәселелерді, сондай-ақ табиғи апаттар кезінде адам өмірінің сынаққа түсуі мен қиындықтарды еңсеру жолдарын баяндайтын туындыларды зор қызығушылықпен тамашалады.

Деректі фильм көрерменді терең ойға жетелеп, қоғамдағы маңызды мәселелерге бейжай қарамауға үндеді.

Республикалық деректі кино апталығы – көрермен мен шынайы өмір оқиғаларын байланыстыратын маңызды мәдени алаңға айналып отыр.