
Абай орталығы алаңында «Ұлттық кітап күні» апталығының ашылуына орай «Артық білім кітапта…» атты OPEN AIR іс-шарасы жоғары деңгейде өтті.
Шара барысында кітаптың қоғамдағы маңызы кеңінен насихатталып, мазмұнды бағдарламалар ұйымдастырылды. Көпшілікке «Сіздер үшін ең жаңасы», «Бір ел – бір кітап», «Бір өлке – бір жазушы» және Рахымжан Отарбаевтың 70 жылдығына арналған «Қара сөздің хас шебері» кітап көрмелері ұсынылды. Сонымен қатар «Кітапхана өмірінен» фотогалереясы көрермен назарына ұсынылды.
«Ерікті болу – жүректің ісі» көрмесі аясында қатысушылар ерікті жастармен пікір алмасты. Балаларға арналған «Жаңа кітап – жаңа әлем» көрмесі, «Кітап әлеміне саяхат» ойындары, QR викториналар мен танымдық шаралар жас оқырмандардың қызығушылығын арттырды.
Сондай-ақ, әдеби салонда жергілікті ақын-жазушылармен мазмұнды кездесу өтіп, рухани сұхбат өрбіді. Қаладағы кітап дүкендері де қатысып, кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Іс-шара кітаптың құндылығын дәріптеп, қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыруға серпін берген маңызды рухани алаңға айналды.