САЗ САРЫНЫ – ИСАТАЙ ТӨРІНДЕ

САЗ САРЫНЫ – ИСАТАЙ ТӨРІНДЕ

Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының 60 жылдық мерейтойы аясында «Мұрагер» фольклорлық ансамблінің концерттік бағдарламасы Исатай ауданында табысты өтті. Атап айтқанда, өнер кеші 8 сәуір күні Тұщықұдық ауылындағы Н.Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінде, 9 сәуір күні Хамит Ерғалиев ауылындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылып, көрерменнің зор ықыласына бөленді. Халықаралық конкурстардың лауреаты «Мұрагер» фольклорлық ансамблі ұлттық өнердің таңдаулы үлгілерін ұсынып, дәстүрлі музыка мен орындаушылық шеберліктің жоғары деңгейін көрсетті. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Мәдениет саласының үздігі Ержан Қитаров. Кеш барысында қазақтың күй өнері мен дәстүрлі ән жанры кеңінен насихатталып, ұлттық саздың терең болмысы айқын көрініс тапты. Концертте республикалық конкурстардың лауреаты Алида Хуанова, Жасұлан Базарбаев, сыбызғышы Азамат Құттығұл сынды өнерпаздар өнер көрсетіп, әрқайсысы өз жанры бойынша жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберліктерін паш етті. Сонымен қатар «Інжу-Маржан» би ансамблі (жетекшісі Гүлвира Тұрақбаева) сахна көркін ашып, ұлттық би өнерінің көркем үлгілерін ұсынды. Бағдарламада күй, ән, терме, би және айтыс элементтері үйлесім тауып, кештің мазмұнын байыта түсті. Әртістердің жанды орындаудағы шеберлігі мен ұлттық нақышты сақтай отырып, көрерменге ұсынуы ерекше әсер қалдырды.