
Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясында әнші, халықаралық конкурстардың лауреаты Ержан Мырзахметовтің «Арман жолымен» атты жеке концерті өтті. Кеш барысында ол қазақ эстрадасы мен дәстүрлі музыка өнерінің белгілі композиторларының шығармаларын, сондай-ақ авторлық туындыларын орындап, өнердегі өз жолы мен шығармашылық ізденісін тыңдарманмен бөлісті. Бағдарлама мазмұны туған жерге сүйіспеншілік, отбасы құндылығы, достық пен адамгершілік тақырыптарын арқау етіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Концертке өнерпаздың сахналас әріптестері – Али Тулеуов, Бақтоты Какимова, Мұратбек Жұмашев қатысып, кештің мазмұнын байыта түсті. Олардың өнер көрсетуі концерттің көркемдік деңгейін арттырып, шығармашылық үндестік қалыптастырды. Жанды дауыстағы орындаулар, сахналық мәдениет пен көрерменмен еркін байланыс кештің шынайы атмосферасын айқындады. «Арман жолымен» концерті Ержан Мырзахметовтің шығармашылық белесін танытқан мазмұнды музыкалық кеш ретінде есте қалары сөзсіз.