Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен Махамбет Өтемісұлы атындағы Академиялық қазақ драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Нұрғиса Дәуешовтің «ТИЕК» атты күй кеші өтті.
Шығармашылық кеш қазақ күй өнерінің терең тамырына үңіліп, дәстүр сабақтастығы мен орындаушылық шеберліктің биік үлгісін көрсетті. Кеш барысында Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сүгір, Есір, Төлеген Момбеков, Нұрғиса Тілендиев, Қаршыға Ахмедияров сынды ұлы тұлғалардың күйлері, сондай-ақ Нұрғиса Дәуешовтің авторлық туындылары орындалды.
Шараға Н.Жантөрин атындағы филармонияның Қ.Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрі (көркемдік жетекшісі – Ержан Қитаров), Атырау музыка колледжінің студенттік хоры, белгілі өнерпаздар Асхат Әмірғали, Батырлан Әбенов, Ертай Бакиров, Гүлшан Таалайбекова, Жәнібек Жәмиев, Рахат Сарсенов, Серік Нысанов, сондай-ақ ақын Бауыржан Ширмединұлы қатысты.
«ТИЕК» күй кеші – күйді тек орындаушылық өнер ретінде ғана емес, ұлттық жад, рухани өзек, тарих пен бүгінді жалғаған киелі мұра ретінде танытқан тағылымды мәдени оқиға болды.