
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау» тақырыбында ұлттық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның мақсаты – ЮНЕСКО-ның техникалық грантын іске асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстарды үйлестіру және ұлттық мұраны сақтау тетіктерін талқылау.
Жиынды ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Жексенәліұлы Сыдықов жүргізді. Басқосуға өңірлердің әкім орынбасарлары, мәдениет басқармаларының басшылары және ЮНЕСКО сарапшылары қатысты.
Отырыста Атырау облысында материалдық емес мәдени мұраны сақтау және дамыту бағытында жүргізілген жұмыс кезеңінің табысты аяқталғаны атап өтілді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов баяндама жасап, өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Атырау – салт-дәстүрі, жыр-күй өнері, қолөнері мен ұлттық мұрасы ерекше сақталған өңір. ЮНЕСКО-мен бірлескен меморандум аясында профессор Меруерт Санатқызының жетекшілігімен өңірлік жұмыс тобы құрылып, семинарлар, шеберлік сабақтары және инвентаризациялау жұмыстары ұйымдастырылды. Нәтижесінде Атырауға тән 10-нан астам мәдени элементке алғашқы ғылыми сипаттамалар әзірленді. Олардың қатарында кербез қыз дәстүрі, сал-сері мектебі, жыр-күй өнері, балық асу, ләңгі ойыны, балық терісінен қобыз жасау технологиясы және басқа да сирек мәдени құндылықтар бар. Сонымен бірге 42 дәстүр тасымалдаушысы анықталды.
Өңірде ұлттық мұраға қызығушылық артып келеді. Бүгінде облыс бойынша 642 үйірмеге 38 мыңнан астам бала қатысады. Мәдениет үйлерінің үйірмелерін қосқанда бұл көрсеткіш 50 мыңға жуықтады.
2025–2026 жылдары Атырау облысында «Өткен мен болашақ» экспедициясы, «Keepers of Tradition» бейнероликтер топтамасы, «ТАНЫМ» ұлттық құндылықтар байқауы, «Zero Waste» қолөнер байқауы және ұлттық мәдениетті жаңаша форматта насихаттайтын бірқатар жобалар жүзеге асырылмақ.