Атырау Жастар театрында «Сармад» этно-фольклорлық ансамблі «Тарихтан жеткен тыныс» атты рухани-сазды кешін көпшілікке ұсынды.
Музыка мен тарих үндескен бұл ерекше концертте ансамбль жетекшісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бауыржан Ақтайдың авторлық және жаңа туындылары алғаш рет орындалып, көрерменге тың әсер сыйлады.
Кеш шырайын ҚР Мәдениет саласының үздігі Гүлфайруз Далбағай, Б.Сарыбаев атындағы Ұлттық аспаптар музейінің негізін қалаушы, белгілі шаңқобызшы Азамат Бақия, сондай-ақ сыбызғының сырлы үнімен танылған орындаушы Әлібек Ынтағали секілді өнер майталмандары аша түсті.
Сахна төрін сазға бөлеген жетіген, сазсырнай, шертер сынды көне аспаптар мен жеке орындаушылардың өнері көрермен ықыласына бөленіп, ұлттық музыканың терең тамырын қайта тірілткендей әсер қалдырды.
Жаңа шығармалар мен ұмыт бола бастаған аспаптар үндесіп, сағым даланың сазы мен ұлы тарихтың үні қайта жаңғырғандай болды.