Ауданымызда «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараға аудан әкімі Қанат Әзмұханов қатысып, байқауға қатысқан отбасыларға алғысын білдіріп, олардың қоғамдағы отбасы құндылықтарын насихаттаудағы рөліне тоқталды.
Аудан басшысы өз сөзінде отбасы – қоғамның негізгі тірегі екенін атап өтіп, ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды сақтау жолында үлгі болып жүрген жанұялардың еңбегін жоғары бағалады.
Байқаудың аудандық кезеңіне ауданның әр ауылдық округінен өнегелі отбасылар қатысып, өздерінің жетістіктері мен отбасы дәстүрлерін таныстырды. Атап айтқанда, Миялы ауылдық округінен Жарылғағанов Мыңбай отбасы мен Ықыласов Ғизат отбасы, Сағыз ауылдық округінен Шәкімов Асанәлі отбасы мен Аралбаев Жәнібек отбасы, Мұқыр ауылдық округінен Нұрболғанов Қуандық отбасы, Көздіғара ауылдық округінен Маханов Бауыржан отбасы, Жамбыл ауылдық округінен Алдияров Қалдыбай отбасы және Жангелдин ауылдық округінен Хамидоллин Лес отбасы қатысты.
Шара соңында қатысушы отбасылар аудан әкімінің Алғыс хаттарымен және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, үздік деп танылған отбасы облыстық кезеңде Қызылқоға ауданының намысын қорғайтын болады.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы – отбасы институтын нығайтуға, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және өнегелі жанұяларды көпшілікке үлгі етуге бағытталған маңызды жоба.