ЕЛДІҢ БЕДЕЛІНЕ КӨЛЕҢКЕ ТҮСІРЕДІ
Қазіргі қоғам мен бүгінгі дәуір мүлдем өзгеше. Бұл – қарқынды дамып, жаңа белестерді бағындыру кезеңі. Әсіресе, ақпарат кеңінен таралған заманда кез келген заңсыз әрекеттер мен тәртіп бұзушылықтарды анықтап, олардың жолын кесуге мол мүмкіндік бар.
Осы тұрғыдан алғанда, қоғаммен бірге қалыптасып келе жатқан сыбайлас жемқорлық мәселесін шешудің де негіздері жасалғаны жасырын емес. Онымен күрес бүгінгі таңда еліміздің ең күрделі міндеттерінің бірі болып отыр. Ірі әлеуметтік кесел саналатын сыбайлас жемқорлық саяси даму деңгейіне қарамастан, әлемнің барлық елдерін алаңдататын өзекті мәселе болып табылады.
Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамдағы демократиялық жаңғыруларға кедергі келтіретіні және елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы – ол адамдардың қоғамның демократиялық негіздеріне, заң мен әділдікке, түптеп келгенде, билікке деген сенімін әлсіретеді.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңында: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің өз құзыреті шегінде қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті білдіретін құндылықтар жүйесін сақтау мен нығайтуға бағытталған қызметі» деп көрсетілген.
Басқаша айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – адамның жемқорлыққа саналы әрі адамгершілік тұрғыдан қарсы тұру қабілеті. Сондықтан еліміздің әрбір азаматы осындай мәдениетті қалыптастырып, қолдап отырса, мемлекетіміздің дамуы бұдан да жоғары деңгейге көтеріледі. Әрбір қызметкер осы қағидаларды өз отбасында және әріптестері арасында насихаттай білсе, бұл кесел уақыт өте келе түбегейлі жойылады.
Қоғам дамуының оң жақтарымен қатар жағымсыз құбылыстары да қатар жүретіні белгілі. Сондықтан халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, экономиканы жоғары деңгейде дамыту және демографиялық өсуді қамтамасыз ету бағытында түрлі шаралар жүзеге асырылып жатқан кезеңде, еліміздің дамуын тежеп, алға басқан қадамдарды кейін тартатын сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.
Гүлжихан Маратова
Аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы.