Құрманғазы ауданының 2023 жыл қорытындысымен әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебі
Құрманғазы ауданы бойынша 19 ауылдық округ 49 елді мекендегі халық саны – 55 982 адамды құрайды. Ауданның барлық жер көлемі – 2 086 066 гектарды құрайды.
Өнеркәсіп
2023 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 22 460,0 млн. теңгені құраса, 2022 жылы 16 641,0 млн. теңгені құраған, нақты көлем индексі 117,3%.
Оның ішінде өңдеу өнеркәсіп өнімінің көлемі 1172,0 млн.теңге болып, нақты көлем индексі 97,2 пайызды құрап отыр. Былтырғы жылдың есепті кезеңінде өңдеу өнеркәсіп өнімінің көлемі 1201,0 млн.теңге болған.
Ауылшаруашылығы саласы бойынша
Аудан экономикасының дамуының негізгі саласы - ауыл шаруашылығы болып табылады. 2023 жылы өндірілген жалпы өнім көлемі 26 397,6 млн. теңгені құрап 100%-ға орындалды. (2022 жылдың есепті кезеңінде – 25 497,0 млн.тг.)
Мал шаруашылығы
2023 жылы өндірілген малшаруашылығы өнім көлемі 18 794,5 млн. теңгені құрап 100,7 %-ға орындалды.
Есепті кезеңде 13 059,4 тонна ет, 12 387,6 тонна сүт, 152,6 мың дана жұмыртқа өндіріліп, мүйізді ірі қара–73 580; қой,ешкі–180 530; жылқы-34 659; түйе – 4 968 басқа жеткізілді. Өткен жылмен салыстырғанда төрт түлік мал басында өсім бар.(ет-100,8, сүт-100,5; жұмыртқа -100,3; мүйізді ірі қара -106,9; жылқы-107,8 пайызға өссе, қой-ешкі-98,7; түйе-99,1 пайызды құрады).
Асыл тұқымды мал шаруашылықтары мен Ауыл шаруашылығы кооперативтері жөнінде
Аудандағы 5 ауыл шаруашылығы құрылымдарында барлығы 22 119 бас асыл тұқымды Еділбай қойы, «Құрманғазы» ӨК-де 309 бас асыл тұқымды түйе малы және 9 шаруа қожалығында 2404 бас мүйізді ірі қара малдары бағылуда.
"Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына сәйкес, 2023 жылы барлығы 171 шаруа қожалыққа 671,9 млн. тенге субсидия төленді. Оның ішінде мал басын асылдандыруға 188,0 млн. теңге:
4 түлік малдың аналық басына ірі сабақты мал азығына дайындау үшін кеткен шығындарды өтеуге 483,9 млн. теңге:
Балық шаруашылығы
Аудан көлемінде балық шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес қызмет атқаратын «Каспий-Балық» ӨК, «Каспий таңы» ӨК, «Ш.Сүлейменов» ЖШС, «Е.Сәрсенбаев» ЖК бар, бұл шаруашылықтардан басқа Атырау қаласындағы «Аманкелді», «Тілекші» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің бөлімшелері аудан аумағында балық шаруашылығымен айналысады.
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің 2023 жылғы 13 маусымдағы №190 санды бұйрығына сәйкес «Qazaq balyk» республикалық балық шаруашылығы және акваөсіру қауымдастығының Қиғаш өзені және Қиғаш өзенінің сағалық кеңістігіне балық шаруашылығы субъектілеріне 2023 жылдың 1 шілдесінен 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін жаңа балық аулау квотасы бекітілді.
Осы бұйрыққа сәйкес барлық балық шаруашылығы субъектілері өз жұмыстарына 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап кірісіп, бөлінген 6131 тонна лимитті 31,2 пайызға орындады. (1911 тонна).
Егін шаруашылығы
2023 жылы өндірілген егін шаруашылығы өнім көлемі 7159,0 млн. теңгені құрап 100%-ға орындалды.
Аудан бойынша барлығы 907 гектар жерге егін егілді, оның ішінде 347 гектар картоп, 212 гектар көкөніс, 94 гектар бақша және 254 гектар мал азықтық дақылдары. Жалпы егіс көлемі өткен жылдан 6 гектарға, яғни, 100,6 пайызға артты. Аталған 907 гектардың 395 гектары шаруа қожалықтарға тиесілі болса, яғни 44 пайызы, ал қалған 512 гектарын жеке тұрғындар егіп отыр, яғни 56 пайызы. Есепті кезеңде 9695 тонна өнім алынды.
Науқандық жұмыстарға 27 доңғалақты тракторлар, 2 шынжыр табанды трактор, 9 әртүрлі ауыл шаруашылығы агрегаттары (культиватор, сеялка, плуг т.б),130 адам күші жұмылдырылып, 3 тонна тыңайтқыш (селитра) алынды. Айта кететін жайт, «Сандуғаш» ШҚ 2313,1 мың теңге инвестициялық субсидия алды.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауылдық округтердің экономикалық көрсеткіштері зерделеніп, ауыл тұрғындары арасында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ауылдық округтерден 35 адам 2,5 % есебімен әр сала бағыттары бойынша 266,1 млн. теңге жеңілдетілген несиесіне қол жеткізді. (Мал шаруашылығына-29, техника алуға-3, өңдеу жабдығын алуға-3 адам)
Кәсіпкерлікті қолдау және оны дамыту туралы
2023 жылы аудан бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3245 (01.01.2023ж.3140 – өсім 3,3%), оның ішінде жұмыс істеп тұрғандарының саны 3018 болды (01.01.2023ж. 2890-4,4% өсім).
2023 жылы жағдайына аудан бойынша 184,0 млн.теңгенің жалпы аумағы 2343,9 шаршы метр құрайтын 10 кәсіпкерлік нысандарының (2 балық өңдеу цехы, 3 дүкен, 1 сауда дүңгіршегі, 1 шайхана, 1 дөңгелек жөндеу орны, 1 кеңсе, 1 көлікжай) құрылыстары аяқталып, пайдалануға берілді.
Бизнесті қолдау бағытында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жеңілдетілген пайыздық мөлшерімен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы арқылы «Іскер» бағдарламасы бойынша 22 кәсіпкерлік субъектісіне 109,5 млн.теңгенің, «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 2 кәсіпкерлік субъектісіне егін шаруашылығын дамытуға 12,5 млн. теңгенің, «Бизнес-аймақ» бағдарламасы бойынша 8 кәсіпкерлік субъектісіне 104,4 млн.теңгенің несиесі берілді.
Сонымен қатар, 21-35 жас аралығындағы жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау бағындағы жастарға арналған несиелеу бойынша аудан бойынша 14 жоба мақұлданып, жалпы құны 62,7 млн. теңге несие берілді.
ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №728 қаулысымен «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға жұмыспен қамту орталығы арқылы жалпы құны 48,3 млн.теңгені құрайтын 35 грант берілсе, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы арқылы берілетін гранттар бойынша 1 жоба, жалпы құны 5,0 млн.теңгені құрайтын «Ui dami» атты жартылай фабрикатталған эко шұжықтары мен ысталған шұжық өнімдерін өндіру және ваккумдау» жобасы мақұлданды.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 6 кәсіпкерлік субъектісіне 78,3 млн.теңгеге 6 арнайы техника қаржыландырылды.
Сонымен қатар, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бойынша 2 жоба 17,0 млн.теңге, банктердің кредиттері бойынша ішінара кепілдендіру бойынша 4 жоба 32,6 млн.теңге мақұлданды.
Халықты жұмыспен қамту
Жұмыспен қамту орталығына 4067 адам жүгініп, оның 3869 жұмыссыз ретінде тіркелді. Жыл ішінде жұмыспен қамту шараларымен қамтылғандары – 2180 адам. (оның: бос жұмыс орындарына орналасқандары – 799 адам, қысқа мерзімдік оқуға жіберілгендер – 36 адам, кәсіпкерлік негіздеріне оқығандар – 307 адам, жастар тәжірибесіне жіберілгені -141 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілгені-36 адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша орналасқандар-24 адам, «Күміс жас» жобасы бойынша орналасқандар-53 адам, «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы бойынша орналасқандар-2 адам, қоғамдық жұмыстарға қатысқаны –782 адам.)
Есепті мерзім соңында тіркеуде қалған жұмыссыздар саны – 1161 адам, жұмыссыздық деңгейі 3,4% құрады.(2022 жылдың есепті кезеңінде -1393 адам жұмыссыз ретінде тіркеліп, жұмыссыздық деңгейі 4% құраған).
2060 жаңа жұмыс орны ашылды, 1022 тұрақты, 1038 уақытша.
Ауданда бос жұмыс орындарына 3 рет жәрмеңке өткізіліп,оған барлығы 37 жұмыс беруші, 191 жұмыссыз адам қатысып, 123 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Бірінші бағыт бойынша қысқа мерзімдік қайта даярлау оқуларына 50 жұмыссыз оқытылады деп жоспарланып, оған 10,5 млн. теңге қаржы қаралды. Есепті кезеңде 3 адам оқуға жіберілді. Жұмыс берушілер (ТШО жшс) арқылы 36 адам оқуда. Оның 34-і оқуларын аяқтады, 2-і оқуларын жалғастыруда. Оқуын аяқтаған 9-адам жұмысқа орналасты.
Екінші бағыты бойынша 35 адамға мемлекеттік гранттар беру жоспарланып, 48,3 млн. теңге қаржы бөлінді. 2023 жылы 35 адам 48,3 млн. теңге грант алды. (25 қызмет көрсету саласы, 8 малшаруашылығы, 1 егіншаруашылығы, 1 құсшаруашылығы.)
Жыл ішінде грант алуға үміткер 307 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқып сертификаттарын алса, 227 жұмыссыз адам онлайн skills бағытында оқып, сертификаттарын алды.
Үшінші бағыты:
Әлеуметтік жұмыс орындарын құру бойынша 36 адам, жастар практикасын ұйымдастыру бойынша 141 адам, қоғамдық жұмыс орындарын ұйымдастыру бойынша 782 адам қамтылды. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 27 адам, «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы бойынша 2 адам, «Күміс жас» жобасы бойынша 53 адам жұмысқа орналасты.
Жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек бойынша (ШАК):
Жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы саны 180, алушы адам саны 1096.(2022 жылдың есепті кезеңінде отбасы саны – 185, алушы адам саны - 1122 адам.) Бюджеттен 96,7 млн. теңге қаржы тағайындалып, төленді. Оның ішінде шартты ақшалай көмек алушы отбасы-158, адам саны саны – 980 адам.
Бұрынғы Азғыр полигонымен шектелетін Асан, Азғыр, Сүйіндік ауылдық округтерінің мүмкіндігі шектеулі азаматтарына ай сайынғы берілетін әлеуметтік көмек бойынша:
Аудандық мәслихаттың шешіміне сәйкес, бұрынғы Азғыр полигонымен шектелетін Асан, Азғыр, Сүйіндік ауылдық округтеріне қарасты елді мекендерде тұратын 210 мүгедекке жалпы сомасы 11,4 млн. теңгенің әлеуметтік көмегі тағайындалып, төленді.
Аз қамтылған отбасыларға біржолғы әлеуметтік көмек бойынша 15 адамға 1,6 млн. теңге төленді.
Туберкулездің әртүрлі түрімен ауыратын науқастарға емдеу мекемесінің ай сайын ұсынатын тізіміне сәйкес амбулаториялық ем алу кезеңіне 10 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек тағайындау белгіленіп, жыл ішінде 134 адамға 28,9 млн. теңге төленді. (2022 жылдың есепті кезеңінде 151 адамға 28,6 млн теңге).
Мүгедектерді оңалту
Аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтардың саны 2597( І топ - 211, ІІ топ- 1032, ІІІ топ – 1071, 18 жасқа дейінгі мүгедек бала 283).
2023 жылы тифлотехникалық құралдармен 135 адам, сурдотехникалық құралдармен 46 адам, кресло – арбамен 42 адам, протездік – ортопедиялық құралдармен 121 адам, міндетті гигиеналық құралдармен 501 адам қамтылды.
Санатор-курорттық емдеу қызметіне 387 адам өтініш беріп, 228 адам санатор курорттық ем алып келді, 80 адам денсаулығына байланысты бас тартты, 79 адам әлеуметтік қызметтер порталы арқылы санаторияға тапсырыс беру керектігі жөнінде жұмыстары жүргізілуде.
Медициналық-әлеуметтік мекемелерде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету қызметі бойынша мүгедектігі бар адамды оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес 72 адам облыстық сауықтыру орталығына емделуге жіберілді.
«Құрманғазы ауданынның зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жартылай стационарлық жағдайда мүмкіндігі шектеулі 20 балаға, 101 жалғызбасты қарияға және 47 мүмкіндігі шектеулі балаларға 8 бағыт бойынша әлеуметтік қызметтер көрсетеді. (тұрмыстық, педогогикалық, медициналық, психологиялық, мәдени, экономикалық, құқықтық және еңбек).
Білім беру саласы
Ауданда 33 мектеп, 1 кешкі мектеп, 1 педогогикалық түзету кабинеті, 23 бала бақша және 5 қосымша білім беру ұйымы жұмыс жасайды.
Ауданда апаттық мектептер мен үш ауысымда оқитын мектептер жоқ. 2023 жылы орын тапшылығын жою бағытында Құрманғазы және Ақкөл ауылдарынан «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 600 орындық жаңа мектеп құрылысы жұмыстары басталды.
Аудан бойынша оқушылар саны – 10762. 2023-2024 оқу жылында 23 мектепке дейінгі мекемеде 1781 бүлдіршін тәрбие алуда. Одан басқа 23 мектеп жанынан 33 шағын орталық топтарында 475 бүлдіршін білім алуда. 33 мектепте 5 жастағы 1063 оқушы мектепалды даярлық тобымен қамтылып отыр.
Мектепке дейінгі ұйымдарда барлығы 298 педагог жұмыс жасайтын болса, білім беру ұйымдарында 1367 педогог қызмет атқарады. Оның 12 мұғалім шебер-педагог, 267 мұғалім зерттеуші-педагог, 454 сарапшы-педагог.
3-6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен қамту көрсеткіші 100%, 1-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту 85,5 пайызды құрады.
Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға сапалы білім беруді қамтамасыз ету мақсатында ауданда жалпы білім беретін мектептерде 197 оқушы инклюзивті білім алады, жалпы білім беретін орта мектептердегі арнаулы сыныптарда 55 оқушы оқиды, 27 оқушы үйден оқиды және 11 оқушы денсаулығына байланысты оқымайды. Мүмкіндігі шектеулі балалардың жалпы санынан есептегенде 74,1 пайызы инклюзивті біліммен қамтылып отыр.
2023 жылы мектептерде даму мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беру, сауықтыру жұмыстары сапасын арттыру бағытында 8,0 млн. теңге қаржыға 2 инклюзив кабинеті Н.Манаев атындағы жалпы орта мектебіне, З.Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернатына сатып алынды.
2023 жылы 6 мектепке (С.Мұқанов, Шортанбай, С.Имашев, Ю.Гагарин, Н.Манаев, З.Серікқалиұлы атындағы мектеп интернаты) 206,0 млн. теңге бөлініп, мектептің бірінші қабатына, асхана, кітапхана бөлмелеріне модернизация жұмыстары жоспарланып, 5 мектепте аяқталды. Ю.Гагарин мектебінің жаңғырту жұмыстары келісімшарт бойынша қарашада аяқталуы қажет еді, мердігер мекеме міндеттемесін орындамау себепті облыстық экономикалық сотқа "жосықсыз өнім беруші" деп тану жөнінде талап арыз берілді.
Білім беру ұйымдарын қысқы жылу маусымына дайындау үшін 15 мектеп, 6 балабақша, 1 қосымша білім беру ұйымына 67 700,0 мың теңге бөлініп, 8 дана ток генераторы, 3 дана жылу қазандығы, 13 дана су айдау насосы және тағы басқа да қажетті заттар сатып алынып, білім беру ұйымдарына жылу маусымына дайындық жұмыстары жүргізілді.
Аудандық білім бөліміне қарасты 32 орта мектептерде және З.Серікқалиұлы атындағы мектеп интернатында білім алушыларға ыстық тамақтың берілуі ұйымдастырылып, жүзеге асырылуда.
Мектептер асхана жүйесімен қамтылған. Оның ішінде 26 мектепте типтік үлгідегі асхана, 6 мектепте ыңғайластырылған асханалар.
Білім бөліміне қарасты 29 мектептің асханасын 11 жеке кәсіпкер жалға алып, білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастырып отырса, 3 мектеп аспазшы арқылы оқушыларға ыстық тамақтың берілуін ұйымдастыруда (Азғыр, Батырбек, Қоңыртерек).
2023-2024 оқу жылында 1-4 сыныпта 4271 оқушы, 5-11 сыныпта әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы 478 оқушы, барлығы 4749 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр.
2023-2024 оқу жылында аудан көлеміндегі 13 мектептен шалғай елді мекендерде тұратын 785 оқушы мектепке күнбе-күнгі тегін тасымалмен қамтамасыз етіліп отыр.
Денсаулық сақтау саласы
Аудан тұрғындарына 35 медициналық мекеме қызмет көрсетеді. (100 орындық аудандық аурухана, бір мезгілде 250 пациент қабылдауға мүмкіндігі бар аудандық емхана (поликлиника), 10 төсектік 2 ауылдық ауруханалар, 14 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт, 14 медпункт).
2023 жыл қорытындысымен аудан бойынша 71 дәрігер, 342 орта буын медицина қызметкері еңбек етеді, 6 дәрігер жетіспеушілігі бар (1 жалпы тәжірибелі дәрігер, 1 акушер-гинеколог, 1 анестезиолог-реаниматолог, 1 эндокринолог, 1 радиолог, 1 хирург).
Ауданның демографиялық көрсеткіштеріне тоқталар болсақ:
Туу көрсеткіші 2023 жылы – 906, көрсеткіші 16,1; 2022 жылы – 1095, көрсеткіші 19,0;
Жалпы өлім-жітім көрсеткіші: 2023 жылы – 312, көрсеткіші 5,5; 2022 жылы – 401, көрсеткіші – 6,9.
Сәби өлімі 2023 жылы - 7 бала, көрсеткіші 7,7. 2022 жылы - 13 бала, көрсеткіші 11,8.
Салыстырмалы кезеңділікте аудан бойынша 1 ана өлімі (өкпе эмболиясынан) тіркелген.
Аудан бойынша туберкулез ауруымен 62 науқас диспансерлік есепте тұр. Оның 1 балалар, 4 жасөспірім, 11 фертильді жастағы әйелдер.
Жоспарланған 23324 флюорографиялық тексеріс 96,5 пайызға орындалып, 87 жете тексеріске шығарылды. Флюрографиялық тексеріс нәтижесінде 32 туберкулез ауруымен науқас анықталды, оның 9-ы қайталап ауырғандар болып отыр.
Аудан бойынша тұрғындар арасында туберкулез ауруы алғаш рет анықталған науқастар саны - 41 адам. Былтырғы жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 14 адамға азайып отыр. (2022 жылдың есепті кезеңінде балалар – 8, жасөспірімдер - 3 жағдай; 2023 жылдың есепті кезеңінде балалар –1, жасөспірімдер - 3 жағдай тіркелген.)
Ауданда 338 адам онкологиялық аурулармен есепте тұрады, оның 5-і 18 жасқа дейінгі балалар. Есепті кезеңде 75 адамнан алғаш рет онкологиялық аурулар анықталып, есепке алынды. Бұл 100 мың тұрғынға шаққанда 153,2 сырқаттанушылықты құрайды. Есепте тұратын науқастардың ішінде 54 адам қайтыс болған, оның 5-і биылғы жылы алғаш анықталған науқас.
Тұрғындар арасында онкологиялық ауруларды ерте анықтау мақсатында скринингтік бақылау және сақтық шаралары бағытындағы жұмыстар үнемі жүргізіліп, қатаң бақылауда.
Аудан тұрғындарына алғашқы санитарлық медициналық көмекті қолжетімді түрде көрсету мақсатында жыл сайын жылжымалы медициналық кешен елді-мекендерді аралап, медициналық көмекпен қамтамасыз етеді. Есепті кезеңде 18 елді мекенде болып, 10241 тұрғынға медициналық көмек көрсетті. (1308 диагностикалық қызмет, 2871 лабораториялық қызмет, 9590 тұрғынға дәрігерлік кеңес). Зерттеу нәтижесінде 112 тұрғыннан әр түрлі аурулар анықталып, 38 пайызы диспансерлік есепке алынды.
Мәдениет және спорт саласы
Құрманғазы аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты 21 - мәдени мекемелері, 28 – аудандық, ауылдық кітапханалар, С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйі жанындағы халықтық «Жиделі» фольклорлық ансамблі, 1-Халықтық қазақ ұлттық аспаптар оркестірі, 4 - халық театры халыққа қызмет көрсетіп келеді.
Театр өнерін дамыту бағытында ауданымызда көптеген шаралар ұйымдастырылып келеді. Аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөліміне қарасты мәдени мекемелерде «халықтық» атағы бар 4 театр ұжымы бар:
Бөлімге қарасты мәдени мекемелерінің өнер ұжымдары облыс, аудан деңгейінде өткізіліп жүрген байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Атырау қаласында 2023 жылдың мамыр айының 15-18 аралығында Берік Қорқытов шығармашылығына арналған “ШЫНАЙЫ ШЫМЫЛДЫҚ” Халықтық театрлар мен драма ұжымдарының облыстық фестиваліне Дүйсенғали Ғұмаров атындағы халық театры, Зәмзәм Исмагулов халық театры, «Алға» халық театры, «Орлы» халық театры қатысып, «Халықтық» атақтарын қайта рәсімдеді. Аталған фестивальде Дүйсенғали Ғұмаров атындағы халық театры «Үздік қойылым» номинациясын жеңіп алды.
Тамыз айында Индер ауданында өткен Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, драматург Есенжол Домбаевтың 85 жылдығына арналған «Халықтық» театрлар фестиваліне ауданымыздан Өнерпаз ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Орлы» халық театры қатысып, «Үздік декорация» номинациясын жеңіп алса, театр актері С.Мадиев «Үздік актер» атанды.
2023 жылы 1661 мәдени шара өткізілді, оның ішінде 64 шара ақылы. 2022 жылы 1633 шара өткізілген. (ақылы – 0)
Аудан бойынша спорттық ғимараттардың саны 185 бірлікті құрайды. Соның ішінде 1 стадион, 1 спорт кешені, 3 ангар типті спорт кешені, 38 спорт зал, 142 әртүрлі спорт алаңдары (оның ішінде баскетбол, волейбол, шағын футбол, стритбол алаңдары), жұмыс жасайды.
2023 жылы ауданда әр түрлі жастағы тұрғындардың жүйелі түрде дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатындар саны 17145 адам немесе аудан тұрғындарының 30% құрап отыр.
Ауданда 1 балалар - жасөспірімдер спорт мектебі және Бөкейхан, Шортанбай, Ақкөл бөлімшелері жұмыс жасайды. Онда спорттың 12 түрінен (дзюдо, грек-рим күресі, бокс, еркін күрес, қазақ күресі, таеквондо, кикбоксинг, футбол, баскетбол, волейбол, үстел теннисі, грепллинг) 1330 оқушы спорттық шеберліктерін шыңдауда. Сонымен қатар, балалар - жасөспірімдер клубында 2015 оқушы тәрбиеленуде. Жаттықтырушылар саны – 32.
Ауданда мүмкіндігі шектеулі адамдарды спортқа тарту мақсатында 1 спорт нұсқаушы, 1 жаттықтырушы жұмыс жасайды. Спорттың дойбы, шахмат, үстел теннисі және пневматикалық мылтық ату түрлерінен 30 адам спортпен айналысады.
Ауылдық округ аппараттары жанынан 19 спорт нұсқаушы-әдіскер жұмыс жасайды.
Аудан бойынша «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» - 8 адам, «Қазақстан Республикасының спорт шебері» – 8 адам, «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткерлер» - 76 адам.
Салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту мақсатында 3306 адамның қатысуымен 2 республикалық, 8 облыстық, 46 аудандық деңгейдегі спорттық шаралар ұйымдастырылды:
19 – 22 наурыз күндері спорт ардагері Хамитов Орынбек Уапұлын еске алуға арналған жасөспірімдер арасында еркін күрестен дәстүрлі Республикалық ашық турнир жетінші рет ұйымдастырылды. Турнирге Ресей Федерациясының Дагестан Республикасы, Астрахань облысы, Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе обылысы, Атырау қаласы мен облыс аудандарынан 200-ге жуық спортшы қатынасты
Қараша айында әнұран авторларының бірі, ақиық ақын, жерлесіміз Жұмекен Нәжімеденовтың рухына арналған бокстан жасөспірімдер арасындағы ашық Республикалық турнир дәстүрлі түрде 12-ші мәрте өткізіліп, оған Өзбекстан Республикасынан, Астана қаласынан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Алматы облыстарынан, Атырау қаласы мен облысының барлық аудандарынан 280 спортшы қатынасты.
Аудан спортшылары облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға 73 рет қатысып, оған 511 спортшы аудан намысын абыроймен қорғап жетістіктерге жетті.
Бюджет және салық саясаты
2023 жылы жергілікті бюджетінің кіріс бөлігіне 3462,3 млн.теңге түсімдер түсіп, жоспар 101,8 пайызға орындалды. Немесе жоспардан 60,9 млн. теңге артық түсіп отыр.
2023 жылы бюджеттің шығыс бөлігі 11731,1 млн.теңгеге жоспарланып, 11414,5 млн.теңгеге немесе 97,3 пайызға орындалды.
«Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша
2023 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылға келген білім беру саласының 23 маманына, мәдениет саласының 3 маманына, денсаулық саласының 5 маманына, спорт саласының 2 маманына, ветеринария саласының 5 маманына және 2 мемлекеттік қызметшіге, барлығы 40 маманға 13,8 млн. теңге көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы төленді.
Сонымен қатар, республикалық бюджеттен 10 маманға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік несие жоспарланып, 2023 жылы білім саласының 7 маманына, денсаулық сақтау саласының 2 маманына, ветеринария саласының 1 маманына, барлығы 10 маманға 51,2 млн. теңге несие беріліп, бөлінген қаржы толық игерілді.
Инвестициялық қызмет және инфрақұрылым
2023 жылы негізгі капиталға инвестициялар көлемі 102 391,0 млн. теңгені құрады, нақты көлем индексі 2940,1%.
Ал құрылыс жұмысының көлемі 2207,0 млн. теңге болды, нақты көлем индексі 57,9 пайыз.
2023 жылы 27
701 шаршы метрді құрайтын 166 жеке тұрғын үй қабылданып, пайдалануға берілді. Нақты көлем индексі 142,7%. (2022 жылдың есепті кезеңінде тұрғын үйлерді пайдалануға берудің көлемі 19411 шаршы метр, үй саны 117 құраған).
Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына тұрғын үй сатып алу мақсатында республикалық бюджеттен 192,0 млн. теңге, облыстық бюджеттен 168,0 млн. теңге қаржы жоспарланып, 10 екі пәтерлі тұрғын үй сатып алынды. (Құрманғазы ауылдық округінен 14 пәтер, Еңбекші ауылдық округінен 6 пәтер).
2023 жылы Бөкейхан және Кудряшов ауылдарындағы су тазарту имараттары мен су құбырлар желілерін қайта жаңғырту үшін облыстық бюджеттен 500,0 млн. теңге қаржы бөлініп, 298,5 млн. теңге игерілді. Құрылыс монтаж жұмыстары құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жобаға түзетулер енгізілуіне байланысты ЖСҚ-ға түзетулер енгізіліп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жұмыстары жүргізілуде.
Облыстық бюджеттен 9,7 млн. теңге қаржы бөлініп, Жұмекен, Сафон ауылдарына 48 орындық спорт кешенінің құрылысына жобалау сметалық құжаттама жасақталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды.
Құрманғазы ауылындағы орталық стадионды қайта жаңғырту үшін 400,0 млн. теңге қаржы бөлініп, қаржысы толық игерілді. 2024 жылға облыстық бюджеттен 531,7 млн. теңге қаржы жоспарланып отыр.
Нұржау ауылына спорт кешенінің құрылысына 150,0 млн. теңге қаржы бөлініп, қаржысы толық игерілді. 2024 жылға облыстық бюджеттен 240,3 млн. теңге қаржы жоспарланып отыр.
Көптоғай ауылына электр желілерін қайта жаңғыртуға 100,0 млн. теңге қаржы бөлініп, қаржысы толық игерілді. 2024 жылға республикалық бюджеттен 168,0 млн. теңге қаржы жоспарланып отыр.
Азғыр ауылына жаңадан 100 орындық мәдениет үйінің құрылысына облыстық бюджеттен бөлінген 67,9 млн. теңге нысан жобасына түзетулер енгізу жоспарлануына байланысты кемітілді. (Жоба құны 140,6 млн. теңге, 2023 жылға дейін 44,1 млн. теңге игерілді. Мердігер "SCS инжиниринг" ЖШС-нің 2021 жылғы 17 тамыздағы №15 хатына сәйкес құрылыс материалдарының қымбаттауына орай жобаға түзетулер енгізу мақсатында құрылыс монтаж жұмыстары тоқтатылды. 13.07.2022 жылы құрылыс бөлімімен мердігерге №06-07-06-04-3/1275 хаты жолданып, құрылыс жұмыстарын бастау жөнінде хабарланды. Алайда, құрылыс жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеуіне орай, сотқа талап арыз жолданып, 14,0 млн. теңге айыппұл өндірілді, мердігер мекемемен келісім шартта керсетілген міндеттемелер орындалмауына байланысты келісімшарт бұзылды.)
«7 разъезд-Асан-Азғыр-Сүйіндік-Балқұдық" облыстық маңызы бар автомобиль орташа жөндеу (0,36 км) жұмыстарына «Атырау жолдары» ЖШС мен келісім шарт жасақталды. Жобаның құны 1 455,2 млн. теңге. Құрылыс мерзімі 2021 – 2023 жылдарды қамтиды. Тапсырыс беруші облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілуде. (17 км жер жұмысы, жол қабатын қыру, жер бедерін түзету. 8 шақырым ПГС, геотекстиль төселді). Қазіргі таңда 17 шақырым жер негіздері жасалынды. 14,5 км топырақ төсеу жұмыстары жүргізілді.
"7 разъезд-Асан-Азғыр-Сүйіндік-Балқұдық" облыстық маңызы бар автомобиль орташа жөндеу (36 – 98 км) жұмыстарына жобалау – сметалық құжаттама жасақтауға «Уралводпроект» ЖШС-мен келісім шарт жасақталды. Тапсырыс беруші облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Жобалау – сметалық құжаттама жасақталып, 2023 жылы 22 маусымда №РЗ/Атырау-555/2023 оң қорытындысы алынды. Жоба құны 5 367,0 млн. теңге.
Аудандық маңызы бар «Ақкөл – Қызылоба – Жыланды – 4разъезд – Қиғаш» автомобиль жолын қайта жаңғыртуға 2020 жылы 444,0 млн теңге қаржы бөлініп игерілді. 2021 жылға РБ-тен 200,0 млн. теңге, ұлттық қордан 375,0 млн. теңге қаржы бөлініп, толық игерілді. 2023 жылға ұлттық қордан 1,0 млрд. теңге, облыстық бюджеттен 250,0 млн.теңге қаржы бөлініп, толық игерілді. Жол құрылыс жұмыстарының құны 4875,9 млн. теңгені құрайды. Қайта жаңғыртудан өтетін жолдың ұзындығы 43,2 км.
Ақкөл ауылының ауылішілік автомобиль жолдарын тротуармен қоса қайта жаңғырту үшін 2021 жылы облыстық бюджеттен 400,0 млн.теңге қаржы жоспарланып, толық игерілді. 2023 жылға облыстық бюджеттен 100,0 млн. теңге қаржы жоспарланып, толық игеріліп отыр.
Нұржау ауылының ауылішілік автомобиль жолдарын тротуармен қоса қайта жаңғырту үшін облыстық бюджеттен 34,9 млн.теңге қаржы жоспарланып, толық игерілді.
Сафон ауылдық округінің Затон учаскесіне кірме жол көпірімен қоса салу үшін облыстық бюджеттен 320,6 млн. теңге қаржы жоспарланып, қаржысы толық игерілді.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 300 орындық мәдениет үйлерінің құрылыстары үшін Бөкейхан ауылына ұлттық қордан 317,3 млн. теңге қаржы бөлініп, толық игерілді. Жаңа клуб ғимаратының құрылыс - монтаждау жұмыстары 2022 жылы басталып, 2023 жылға қаржы бөлінгенімен, құрылыс материалдарының бағасы қымбаттауына сәйкес жобаға түзетулер енгізілді. 2023 жылдың 15 тамызында облыстық бюджеттік комиссияның түзету енгізу жөніндегі оң қорытындысы алынып, жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылға облыстық бюджеттен 155,1 млн. теңге қаржы жоспарланып отыр.
Бірлік ауылына ұлттық қордан 250,0 млн. теңге, облыстық бюджеттен 25,0 млн. теңге қаржы бөлініп, қаржысы толық игерілді. 2024 жылға республикалық бюджеттен 600,0 млн. теңге қаржы жоспарланып отыр.
Көптоғай ауылына облыстық бюджеттен 200,0 млн. теңге қаржы бөлініп,толық игерілді. 2024 жылға облыстық бюджеттен 400,0 млн. теңге қаржы жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, ҚР Ұлттық қоры есебінен Сүйіндік ауылында спорт кешенінің құрылысына 350,0 млн. теңге бөлініп, толық игерілді. 2024 жылға облыстық бюджеттен 115,0 млн. теңге қаржы жоспарланып отыр.
Сүйіндік, Жалғызапан, Балқұдық, Азғыр, Қоңыртерек, Асан, Үштаған, Кадырка, РТС, Жапырық, Алға, Даулеткерей, Нұржау, Орлы, Шестой елді мекендеріне спорт алаңдары құрылысына 613,3 млн. теңге бөлініп, қаржысы толық игерілді. 2024 жылға облыстық бюджеттен 688,3 млн. теңге қаржы жоспарланып отыр.
Ауданда елді мекендерді одан әрі дамыту бағытында бірнеше нысанның жобалау – сметалық құжаттамасы жасақталуда.
Жыланды ауылының ауылішілік жолдарын тротуармен қоса қайта жаңғырту жұмыстары;
Құрманғазы ауылына қатты тұрмыстық қалдықтар полигон құрылысы;
Құрманғазы ауылына қатты тұрмыстық қалдықтардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы;
Кудряшов ауылдық округі Лазо елді мекеніндегі электр желілерін қайта жаңғырту;
Дыңғызыл ауылдық округінде электр желілерін қайта жаңғырту;
Қошалақ елді мекенін сумен жабдықтау;
Кудряшов ауылының ауылішілік жолдарын тротуармен қоса қайта жаңғырту
Құрманғазы ауылының (2 кезең) ауылішілік жолдарын тротуармен қоса қайта жаңғырту
ЖСҚ жасақталып, сараптаманың оң қорытындысы алынған объектілер:
Алға ауылының ауылішілік жолдарын тротуармен қоса қайта жаңғырту;
Еңбекші ауылдық округіне қарасты Кадырка елді мекеніне кіреберіс және ауылішілік жолдарын тротуармен қоса қайта жаңғырту;
Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жүмекен ауылының (2 кезен) және Дәулеткерей ауылының ауылішілік жолдарын тротуармен қоса қайта жаңғырту;
Асан және Ғ.Алипов ауылына мәдениет үйінің құрылысы;
Приморье, Даулет, Хиуаз, Куйген, Жыланды, Г.Алипов, Балыкшы, Жана ауыл, Шортанбай, Жасталап, Кигаш, Д.Нурпеисова, Бирлик, Сафон, Бөкейхан елді мекендеріне спорт алаңдары құрылысы;
Құқық қорғау
Құрманғазы ауданының полиция бөлімімен аудан аумағындағы құқықбұзушылықпен күреске және құқық тәртібін нығайтуға бағытталған міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуге тиісті шаралар қабылданып, қылмыстардың алдын-алу, ашу және тергеу нәтижелігін арттыруға бағытталған ұйымдастырушылық және тәжірибелік шаралар жүргізілуде.
2023 жылы аудан көлемінде 126 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, 6 пайызға төмендеп отыр. (2022 жылы - 134 факт). Оның ішінде 118 қылмыс тіркеліп, 2022 жылмен тең болып отыр.
Аудан көлемінде ауыр және аса ауыр қылмыстарды болдырмау мақсатында барлық учаскелік полиция инспекторларына өз аймақтарында профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, бұрын сотталып келгендердің, соның ішінде «мерзімнен бұрын шартты босап келгендердің», әкімшілік қадағалауда тұрғандармен алдын-алу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде есепті кезеңде 46 ауыр қылмыс тіркеліп, 2022 жылы 51 болып, қылмыс 9,8 пайызға төмендеген. Орта дәрежелі қылмыс 55 тіркеліп, 2022 жылмен тең болып отыр. Онша ауыр емес қылмыс 17 тіркеліп, 41,7 пайызға көбейіп отыр (2022 жылы – 12 факт). Қылмыстың өсу себебі, интернет-алаяқтық және жол-көлік оқиғалары болып отыр. Жалпы қылмыстың ашылуы 73,7 пайызды құрады.
Ұрлық қылмыстары 45 фактіден 29 фактіге азайып, 35,6 пайызға төмендеді.
Ауданда жедел жағдайдың ахуалын талдап және кешенді полиция күштерінің, патрульдік полиция жасақшыларының, сондай-ақ көшедегі қылмысқа қарсы күреске, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қамтамасыз етуге құқық қорғау бағытының қоғамдық құрылымдарының мәндік, мақсатты жұмысын ұйымдастырып бақылауға алынды. Учаскелік полиция инспекторлары жұмысының тиімділігін арттыру бойынша кешенді іс-шаралары әзірленіп іске асырылды. Тұрмыстық құқық бұзушылықтардың, маскүнемдіктің, бұзақылықтың алдын алуға және есепте тұрған адамдардың жеке профилактикасына ерекше көңіл аударылды. Сонымен қатар, тыйым салынған заттарды сақтау, түнгі уақытта көңіл көтеретін мекемелерде және тұрғын үйдің тыс жерлерде болу, сондай-ақ құқыққа қайшы әрекеттер жасауға тарту фактілерін анықтау мақсатында кәмелетке толмағандар жаппай жиналған жерлерде рейдтік тексеру іс-шараларын тоқсан сайын өткізіліп отыр.