Аудан әкімінің есеп беру жиыны өтті

Аудан әкімінің есеп беру жиыны өтті

Әр салада серпін бар

 Әлемде орын алған қауіпті індетке байланысты Құрманғазы ауданы әкімі Қайрат Нұртаевтың ауданның 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2021 жылға міндеттері туралы есебін аудан жұртшылығы әлеуметтік facebook, instagram желілері арқылы онлайн режимде тыңдады.

Сондай-ақ, брифинг тікелей эфирде «Атырау», «Каспиан ньюс» телеарналары арқылы көрсетілді. Жиын барысында ауыл тұрғындары whatsapp, telegramm мессенджерлері және байланыс телефондары, сенім жәшіктері арқылы сұрақтары мен ұсыныстарын жолдауға мүмкіндік алды. Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингке облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысып отырды.

Аудан басшысы өз сөзінде өнеркәсіп, инвестициялық қызмет, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлікті дамыту және оны қолдау, халықты жұмыспен қамту, мүгедектерді оңалту, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салалары бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, 2021 жылы іске асыру жоспарланған  келесі нысандарға қаржы бөлінгенін айтып өтті. - Жұмекен ауылынан инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысына республикалық бюджеттен 791825,0 теңге, Орлы ауылындағы инфрақұрылымның жобалау-сметалық құжаттарына жергілікті бюджеттен 10303,0 теңге, Құрманғазы ауылындағы «Шипажай» инфрақұрылымын аяқтауға  облыстық бюджеттен 80000,0 мың теңге қаржы бөлінді. Котяев және Кудряшов ауылдарындағы су тазарту имараттары мен су құбырлар желілерін қайта жаңғырту үшін облыстық бюджеттен 100000,0 мың теңге қаржы қаралып отыр. Ақкөл ауылындағы су тазарту қондырғысын реконструкциялауға ЖСҚ жасақтау үшін 138 282,0 теңге, Құрманғазы ауылының елді мекендерін «Астрахань-Маңғышылақ» магистральды су құбырына қосу үшін 37512,0 теңге, орталық стадионды қайта жаңғыртуға ЖСҚ жасақтау үшін аудандық бюджеттен 10 908,0 мың теңге қаржы бөлінді.«Кобяково- Забурунье» суару – суландыру жүйесін қайта жаңғыртуға ЖСҚ жасақтау үшін аудандық бюджеттен 2908,0 мың теңге қаржы қарастыру жоспарланды.

Бір сағатқа жуық уақытқа созылған есепті баяндамадан соң аудан әкімінің тарапына әлеуметтік желі, телефон арқылы бірнеше сұрақтар түсті. Сауалдардың дені бұрындары округ әкімдері жиындарында айтылғандар болса да қайталап жауаптарын беріп өтті. Мәселен, Қиғаш өзенінің салаларын тереңдету, ауылішілік және кірме жолдар салу, көшелерді жарықтандыру, ауыз су құбырын тарту, электр жарығын жақсарту,  көше қиылыстарына бағдаршамдар мен бейнекамера орнату, ауылдық жерге клуб, мәдениет үйін, спорт кешенін салу сияқты сұрақтар қойылды. Сондай-ақ, тұрғындар  балалар жазғы лагерін ашу, ауданның біртуар перзенттеріне ескерткіштер орнату, Азғыр өңіріндегі үш округке және ауылдық жерлердегі мал дәрігерлеріне қызметтік көлікпен қамту проблемаларын көтерді.

Баспасөз мәслихатын қорытындылаған өңір басшысы Махамбет Жолдасқалиұлы Құрманғазы ауданы бойынша бірқатар ілгерілеушіліктің, өсімнің барып атап өтіп, жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу, кәсіпкерлікті қолдау шараларын жалғастыру, қоғамдық тәртіпті нығайту мен қылмыспен күресті жақсарту мақсатында полиция департаментімен бірлескен жұмыстарды үйлестіру, шекаралық аймақ болғандықтан коронавирустық инфекция таралуының қатаң алдын алу, карантиндік шектеулерді қадағалау, ауданда жол қатынастарын реттеу, жол-сервистік орталықтар ашу, ауыз сумен қамтуда басталған жобаларды сапалы аяқтау бағытында тапсырмалар берді.