Атырау облысы Құрманғазы ауданының өңірлік нышанын әзірлеу туралы конкурс жариялау ережесі
1-бөлім. Жалпы ережелер
- Осы Ереже «Өңірлік нышан жобасын әзірлеу қағидаларына» (Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 30 қазандағы №503-НҚ бұйрығы) және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 27-бабының 1-тармағы 1-17) тармақшасына сәйкес әзірленді.
- Ереже Құрманғазы ауданының өңірлік нышанын (эмблема, белгі) әзірлеу бойынша ашық конкурс өткізудің тәртібін, талаптарын және кезеңдерін айқындайды.
- Конкурстың мақсаты – Құрманғазы ауданының тарихи, мәдени, табиғи және әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін бейнелейтін өңірлік нышанның үздік жобасын анықтау.
- Конкурсты ұйымдастырушы – Атырау облысы Құрманғазы ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі (бұдан әрі – Ұйымдастырушы).
- Конкурсқа Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ авторлық топтар қатыса алады.
2-бөлім. Конкурсты ұйымдастыру және өткізу тәртібі
- Конкурс ашық түрде өткізіледі және келесі кезеңдерден тұрады:
1) Конкурс туралы хабарландыруды аудан әкімдігінің ресми интернет-ресурсында және әлеуметтік желілерде орналастыру;
2)Өтінімдерді қабылдау;
3) Ұйымдастырушының жобаларды бастапқы техникалық және мазмұндық талаптарға сәйкестігін қарауы;
4) Қоғамдық онлайн және офлайн талқылаулар өткізу;
5) Сараптамалық комиссияның бағалауы;
6) Үздік жобаны аудандық мәслихаттың шешімімен бекіту.
- Хабарландыру конкурс басталғанға дейін кемінде 3 ай бұрын жарияланады.
8. Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер қазақ және орыс тілдерінде келесі құжаттарды тапсырады:
- өтінім (еркін нысанда);
- нышан жобасының графикалық үлгісі (2D/3D форматта);
- түсіндірме жазба (нышанның мағынасы мен элементтерінің сипаттамасы);
- қатысушы туралы мәлімет (аты-жөні, байланыс деректері).
9. Жоба Құрманғазы ауданының табиғи байлықтарын, тарихын, мәдени мұрасын және заманауи даму бағытын бейнелеуі тиіс. Нышанда мемлекеттік рәміздер, діни және рулық белгілер, сондай-ақ басқа ұйымдардың логотиптері пайдаланылмауы керек.
3-бөлім. Бағалау және іріктеу тәртібі
- Жобаларды бағалау үшін аудан әкімінің өкімімен Сараптамалық комиссия құрылады. Оның құрамына мәдениет, тарих, дизайн, тіл және қоғам өкілдері кіреді.
- Комиссия бағалау кезінде келесі өлшемдерді басшылыққа алады:
- идеяның өзіндік ерекшелігі мен көркемдік шешімі;
- нышанның мағыналық мазмұны және аймақтық сәйкестігі;
- орындалу сапасы мен техникалық талаптарға сәйкестігі;
- қолдануға ыңғайлылығы (цифрлық, баспа, визуалды форматтарда).
- Ең жоғары балл жинаған 3 жоба көпшілік дауысқа салынып, қоғамдық талқылауға шығарылады (ауданның ресми сайты және әлеуметтік желілер арқылы).
13. Қоғамдық талқылаулардың нәтижесі хаттамамен рәсімделеді және комиссия қарауына ұсынылады.
- Сараптамалық комиссияның қорытындысы негізінде үздік деп танылған жоба аудандық мәслихаттың шешімімен бекітіледі.
4-бөлім. Қорытынды ережелер
- Жеңімпазға аудан әкімінің атынан алғыс хат және ақшалай сыйақы (немесе естелік сыйлық) табысталады.
- Жеңімпаз жобаның авторлық құқығын сақтай отырып, нышанды Құрманғазы ауданының ресми рәмізі ретінде пайдалануға рұқсат береді.
- Конкурс нәтижелері аудан әкімдігінің ресми сайтында және жергілікті БАҚ-та жарияланады.