Туристтік маусымның ашылуы гала-концертпен аяқталды

Туристтік маусымның ашылуы гала-концертпен аяқталды
Құрманғазы ауданының Теңіз ауылында алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық «Lotus Fest – 2025» фестивалінің алғашқы күні гала-концертпен аяқталды. Астрахань облысынан келген Құрманғазы атындағы Өңірлік мәдениет орталығы, жергілікті өнерпаздар және кеш қонағы Ғазизхан Шекербеков қонақтарға концерттік бағдарлама ұсынды.
 
Ерекше табиғи байлық – лотос гүлін көруге асыққан туристер саны алғашқы күннен-ақ 8000-ға жуықтап, өңір туризмінің әлеуеті айқын көрінді. Ашық аспан астында өткен мерекелік гала-концерт от шашумен аяқталып, лотос фестивалінің алғашқы күнін ерекше түйіндеді. 
 
Фестиваль аясында 20-дан астам ақшаңқан киіз үй тігіліп, балуандар бозкілемде белдесіп, садақ атудан сайыстар өтті. Сондай-ақ кәсіпкерлердің қатысуымен қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылып, суретшілер туындыларын паш етті.
 
Қиғаш өзенінің бойында өсетін ерекше гүлді тамашалау үшін 30-дан астам қайық қызмет көрсетіп, мыңдаған турист Қиғаштың бойындағы алқызыл алқапқа сапарлады.
 
Айта кетейік, фестиваль шілде мен тамыз айларына дейін жалғасады. Өйткені дәл осы мезгіл — лотос гүлінің жайқалып өсіп, ерекше құлпыратын уақыты.