Жұмыскерлер жұмыстан қысқартылған кезде нені білу керек?

Жұмыскерлер жұмыстан қысқартылған кезде нені білу керек?

Елімізде қалыптасқан күрделі эпидемиялық ахуал жағдайларынан кейін, өңірдегі мекемелердің экономикалық жай – күйі нашарлап, жұмыс орнының және жұмыскерлер санының қысқаруы қарқынды түрде орын алуда. Жұмысшылардың саны немесе штат қысқарған жағдайда, еңбек шарты тоқтатылып, қызметкерге жұмыс беруші тарапынан орташа жалақы мөлшерінде жұмысынан айырылғаны үшін өтемақы төленуі қажет. Еңбек кодексінде осындай жағдай қарастырылған.

Жұмыс беруші тиімді экономикалық қызметті іске асыру және мүлікті ұтымды басқару үшін ұйымның құрылымы, штат саны және қызметкерлер құрамындағы өзгерістер туралы шешім қабылдауға құқылы.

         Жұмысшылардың саны дегеніміз, бұл – ұйымда істейтін адамдардың тізімдік құрамы, ал штат – бекітілген лауазымдар жиынтығы. Осы орайда қызметкерлер санын қысқарту белгілі бір қызметкерлер қатарын оңтайландыруды білдірсе, штат көлемін азайтуда нақты лауазымдарды алып тастау көзделеді. Қысқартуға тек қызметкерлерді құлақтандыру аяқталғаннан кейін ғана күшіне енетін жаңа штаттық кесте негіз бола алады.

Бұл тұста атап өтерлік жайт, Еңбек кодексінің 53-бабының 1-тармағына сай, жұмыс беруші Жұмыспен қамту орталығы мен қызметкерге еңбек шартының бұзылуы туралы кемінде бір ай бұрын жазбаша түрде хабарлауға міндетті.

Сонымен қатар, келесі тұлғаларға қатысты жұмыстан босатудағы шектеулерді сақтауға тиіс:

- жүкті әйелдер;

- 3 жасқа дейінгі балалары бар әйелдер;

- 14 жасқа дейінгі баланы (18 жасқа дейінгі мүгедек баланы) тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар;

- жоғарыда көрсетілген балалар санатын анасынсыз асырап отырған басқа тұлғалар;

- «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңына сәйкес, зейнетке шығуына екі жылдан аз уақыт қалған жұмысшылар. Бұл жерде тиісті комиссия құрылады.

Осылайша, жұмыс беруші қысқарту туралы шешім қабылдаса, заң баптарын бұлжытпай орындап, тыйым салынған жайттарды да белден баспағаны жөн. Егер де бұл айтылғандарға салғырттық танытылып, қарапайым еңбек адамының құқығы бұзылып жатса, жергілікті Еңбек инспекциясына жүгінуге болады. Тиісті мекеме өз кезегінде, келіп түскен арыз арқау еткен райда кәсіпорынды тексеріп, заңбұзушылық анықталса, қажетті шараларға көшеді.

ҚР Еңбек кодексінің 131 бабына сәйкес жұмыс беруші заңды тұлға таратылған не жұмыс беруші жеке тұлға қызметін тоқтатқан жағдайда, жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде;  жұмыскерлердің саны немесе штаты қысқартылған жағдайда, жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде; жұмыс беруші еңбек шартының талаптарын орындамаған жағдайда жұмыскердің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде бір айдағы орташа жалақы мөлшерінде жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы төлемдерін жүргізеді.

Жұмыс беруші жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына әкеп соққан өндіріс, орындалатын жұмыстар және көрсетілетін қызметтер көлемі азайған жағдайда, жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде екі айдағы орташа жалақы мөлшерінде жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы төлемдерін жүргізеді. 

ҚР Еңбек кодексінің 96 бабына сәйкес Еңбек шарты тоқтатылған кезде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын (жыл сайынғы еңбек демалыстарын) пайдаланбаған немесе толық пайдаланбаған жұмыскерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының (жыл сайынғы еңбек демалыстарының) пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы төлемі жүргізіледі.

Көрсетілген заңдылыққа сәйкес жұмыс берушілерді жұмыскерлердің жағдайын нашарлататын негіздерді пайдаланбауын және жұмыскерлерді жұмыстан қысқартуды еңбек заңнамасына сәйкес жүргізуіне шақырамыз.