СҰРАҚ-ЖАУАП

СҰРАҚ-ЖАУАП

СҰРАҚ: Еңбек шартының мерзімі қалай ұзартылады?

ЖАУАП:  Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі-ҚР ЕК) 33-бабының 2-тармағына сәйкес еңбек шартына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді тараптар ҚР ЕК 33-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен қосымша жария ету түрінде жазбаша нысанда жүзеге асырады. Қолданыстағы еңбек шартына қосымша келісім жасалады, онда ҚР ЕК-нің 140-бабы 3-тармағының негізінде жаңа мерзім көрсетіледі.

СҰРАҚ: Қызметкер 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыста. 1 қаңтардан бастап жұмыс істейтін бөлімнің барлық қызметкерлерінің жалақысы өсті, соның ішінде аталған қызметкердің де. Штат кестесінде ол тізімде бар. Ол болмаған кезеңде басқа қызметкер жұмысқа қабылданбады. Ол қызметкерге жалақыны қалай көтеруге болады? Хабарлама мен қосымша келісімді үй мекен-жайына жіберу керек пе немесе оның бала күтімі демалысынан шығуын күту керек пе? Оның штаттық кестесіне қалай өзгерістер енгізуге болады, өйткені 1 қаңтардағы жағдай бойынша ол демалыста. Жалпы, қызметкер бала күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалыста болған кезде оны тізімдік есеп пен есептен шығару қажет пе?

 ЖАУАП: Штаттық кесте-ұйымның құрылымы, штаттық құрамы мен саны, атқаратын лауазымына байланысты жалақы мөлшері көрсетілген ұйымның құжаты. Белгілі бір лауазымға қабылданған әрбір қызметкермен еңбек шарты жасалады.

Қаралып отырған жағдайда бала күтімі бойынша демалыс аяқталғаннан кейін жұмысқа шыққан қызметкерді бір жылға арналған штат кестесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрықпен таныстырған және жаңа лауазымдық жалақысын көрсете отырып, еңбек шартына хабарлама мен қосымша келісім жасаған жөн.

Бала күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкер ұйым қызметкерлерінің тізімдік санында есепке алынады, бірақ орташа жалақыны есептеу үшін қабылданатын қызметкерлердің нақты санында есепке алынбайды.

СҰРАҚ: Пандемияға байланысты компанияда демалыс кестесі "бұзылды". Қызметкерлер өтініштері бойынша еңбек демалысына шыға бастады. Қызметкерлер өтініштерді алдын ала жазады. ҚР ЕК 92-бабының 4-тармағына сәйкес демалыс күндерін демалыс басталғанға дейін 3 жұмыс күнінен кешіктірмей алу керек. Кадр қызметкері бұйрықтар"....кестеден тыс берілсін..." деген сөздер жазады. Құжат жүзінде еңбек демалысын есептеу және алу мерзімі сақталады. Бірақ есепші, бұйрықтағы - "...демалыс кестеден тыс..", деген сөздерді көріп демалыстың кестеден тыс сондықтан да ақшасын демалыстан кейін де аударуға болады деп, қызметкерге алдын-ала ақша аударуға асықпайды. Бухгалтердің ісі дұрыс па?

ЖАУАП: ҚР ЕК-нің 93-бабының 1-тармағына сәйкес қызметкерлерге ақылы еңбек демалысын берудің кезектілігі жыл сайын жұмыс беруші қызметкерлердің пікірін ескере отырып бекітетін демалыс кестесіне сәйкес айқындалады не тараптардың келісімі бойынша демалыс кестесінен тыс белгіленеді. ҚР ЕК - нің 92-бабының 4-тармағына сәйкес жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу ол басталғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей, ал еңбек демалысы демалыс кестесінен тыс берілген жағдайда-ол берілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

Мына жағдайда бухгалтердің іс-әрекеті заңға қайшы. Егер қызметкер 01.06.2021 жылдан бастап жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына жұмыс берушінің келісімімен кестеден тыс алған болса, онда ол демалыс ақысын 04.06.2021 жылдан кешіктірмей алуы тиіс.

Жоғарыда баяндалғанды негізге ала отырып, жұмыс беруші Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мерзімдерде қызметкерлердің еңбек демалысына ақы төлеуді жүргізуге міндетті.

Еңбек демалысын төлеу талаптарын бұзғаны үшін жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

СҰРАҚ: Қосымша жұмысқа қабылдау кезінде қызметкерге еңбекті қорғау туралы нұсқаулық жүргізу қажет пе?

ЖАУАП:  Ия, қажет. Еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықтан өту міндеті барлық қызметкерлерге, оның ішінде қоса атқарушыларға да қолданылады. Нұсқама өзіне тапсырылған кәсіп немесе жұмыс түрі бойынша жүргізіледі.

СҰРАҚ:  Ұйым атауының өзгеруі жұмыс орындарын еңбек жағдайлары бойынша жоспардан тыс аттестаттауға негіз бола ма?

ЖАУАП:  Ұйым атауының өзгеруі өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша жоспарлы немесе жоспардан тыс аттестаттауды жүргізу үшін негіз болып табылмайды. Жұмыс орындарындағы еңбек жағдайлары өзгермегендіктен, технологиялық және басқа процестер өзгеріссіз қалды, ал өзгерістер тек жұмыс берушіге әсер етті, жұмыс орындарына жоспардан тыс аттестаттау жүргізу орынсыз болады. Егер ұйымда жұмыс орындарын аттестаттаудың қолданылу мерзімі аяқталмаса, онда оның нәтижелері белгіленген мерзім ішінде қолданыла береді. Атаудың өзгеруін жұмыс орындарын жоспардан тыс аттестаттауға негіз ретінде қарастыруға болмайды.

СҰРАҚ: Жүргізушінінің көлікті үздіксіз басқарудың ұзақтығын қандай нормативтік құқықтық актілер анықтайды?

ЖАУАП:  Автомобильді үздіксіз басқару ұзақтығы "Жүргізушілердің еңбегі мен тынығуын ұйымдастыру, сондай-ақ тахографтарды қолдану қағидаларын бекіту туралы"Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 31.12.2015 жылғы № 1288 бұйрығымен регламенттелген. Басқарудың күнделікті ұзақтығы 8 сағаттан, ал басқарудың апта сайынғы ұзақтығы 40 сағаттан аспауы тиіс. Кез келген қатарынан екі апта бойы басқарудың жалпы жиынтық ұзақтығы 80 сағаттан аспайды.

СҰРАҚ:  Химиялық заттармен жұмыс кәсіптік аурулардың пайда болу қаупі бар топпен жұмыс істеуге жатады ма?

ЖАУАП:  Иә, жатады. ҚР Денсаулық сақтау министрінің 21.12.2020 жылғы № 301/2020 "кәсіптік аурудың еңбек (қызметтік) міндеттерін орындаумен байланысын орнату сараптамасының ережесін бекіту туралы" бұйрығына сәйкес қызметкерлердің осы санаттары жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығына (аптасына 36 сағат), қосымша ақылы еңбек демалысына (12 күнтізбелік күн) және еңбекақының жоғарылатылған мөлшерін ала алады.

СҰРАҚ:  Ұйым жеке қорғаныс құралдарын беру тәртібі туралы ішкі құжат шығаруы керек пе?

ЖАУАП:  Қажет. Қауіпсіз еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету бойынша жұмыс берушінің міндеттерінің бірі қызметкерлерге жеке қорғаныс құралдарын (ЖҚҚ) беру болып табылады. Жеке қорғаныс құралдарын беру нормаларын бекіту және оларды ұсыну тәртібін оңтайландыру мақсатында ұйымда осы мәселе бойынша құжат (жұмыс берушінің актісі) шығарған жөн. Ол кәсіпорындарда ЖҚҚ беру туралы бұйрық немесе ереже болып табылады.

                                            Бөлім басшысы - Джабасов С.А.