Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жауапкершілігі...

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жауапкершілігі...

Әрбір қызметкердің қауіпсіздік және гигиена талаптарына сай келетін еңбектің қолайлы жағдайына құқығы Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабының 2-бөлігінде бекітілген.

Осыған байланысты, мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органдарға еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлігінде Қазақстан Республикасы Еңбек заңнамасының сақталуын бақылау жүктелген.

     Еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау, еңбек қауіпсіздігі жөніндегі мамандарды даярлау, олардың біліктілігін арттыру мемлекеттік реттеудің мәні болып табылады.

     Жұмыс берушілер мен жұмыскерлер Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметін жүзеге асырған кезде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарды орындауға міндетті.

     Бұл ретте, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру жұмыс берушілердің қаражаты есебінен жүзеге асырылады, яғни қызметкерлер осы мақсаттарға арналған шығыстарды көтермейді. Қаражат көлемі Жұмыс берушінің актісінде немесе ұжымдық шартта айқындалады.

    Сондай-ақ, заңнамада қызметкердің еңбек міндеттерін қауіпсіз орындау үшін қажетті білім алуға және кәсіптік даярлыққа құқығы бар екендігі регламенттелген.

     Жұмыскерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды, оларға нұсқама беруді және білімдерін тексеруді жүргізудің қолданыстағы қағидалары мен мерзімдеріне сәйкес жұмысқа қабылданған адамдар кейіннен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша білімдерін міндетті түрде тексере отырып, жұмыс беруші ұйымдастыратын оқытудан міндетті түрде өтеді. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша оқытудан, нұсқау беруден және білімін тексеруден өтпеген қызметкерлер жұмысқа жіберілмейді.

       Қызметкерлерді жұмысшы кәсіптері бойынша оқыту және білімдерін тексеру тиісті салалардың жоғары білікті мамандарын жылына кемінде бір рет тарту арқылы жүзеге асырылады және еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша емтихандар қабылдаумен аяқталады. Емтихан тапсырмаған адамдар оны бір ай ішінде қайта тапсыра алады және осы кезеңде жұмысқа жіберілмейді.

      Бұл ретте еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты басшылар мен жұмыскерлер кезең-кезеңімен, жұмыс берушінің қаражаты есебінен үш жылда кемінде бір рет кадрларды кәсіптік даярлауды жүзеге асыратын ұйымдарда (оқу орталықтарында) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытудан және білімін тексеруден өтуге міндетті.

   Бүгінгі таңда Атырау облысының аумағында 52 Оқу орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтардың оқу бағдарламаларын мемлекеттік еңбек инспекциясы бекітеді және оқу аяқталған соң емтихандарды мемлекеттік еңбек инспекторының төрағалығымен комиссия қабылдайды.

     Бүгінгі таңда Атыраудың оқу орталықтарында қашықтықтан білім беру технологиялары сәтті қолданылуда, бұл жұмыс уақытын үнемдеуді және қаржылық шығындарды азайтады, шалғай өңірлер мен өндірістік объектілер кадрларының еңбекті қорғау саласындағы кәсіби деңгейді арттыруға қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

       Осылайша, қолданыстағы еңбек заңнамасында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, оның ішінде қызметкерді даярлау жауапкершілігі жұмыс берушіге жүктелген.

      Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 93-бабында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша қызметкерлерді даярлау жөніндегі еңбек заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.

     Осы ретте, жұмыс берушілердің еңбек қауіпсізідігі және еңбекті қорғау саласында жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау үшін еңбек заңнамасында көрсетілген барлық талаптарды сақтауға шақырамын.

 

С.Джабасов - еңбек қауіпсізідігі

және еңбекті қорғауды бақылау

бөлімінің басшысы