
2026 жылғы 21 мамырда Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкіл К.Иманғалиевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне (ӘРПК) енгізілген өзгерістерді, сондай-ақ азаматтардың өтініштерін қарау сапасын арттыру мәселелерін түсіндіруге арналған жиын өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты - азаматтардың өтініштерін қарау барысында заңнама талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз ету, ұсынылатын жауаптардың заңдылығы, негізділігі мен сапасын арттыру.
Кездесу барысында Атырау облысы Әділет департаментінің коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу және тіркеу қызметі саласындағы бақылау бөлімінің басшысы С.У. Әбілхайров және Атырау облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінің өтініштерді талдау және бақылау бөлімінің прокуроры Т.Б. Қуантыров бірлесіп «Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің жекелеген баптарына енгізілген өзгерістер» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндамалар аясында өтініш берушілерге ұсынылатын жауаптардың сапасы мен негізділігін арттыру, өтініштерді қарау кезінде әкімшілік заңнама талаптарын сақтау мәселелері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тиісті жауаптар берілді.