
Жалақының небәрі бір күнге кешіктірілуі – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес құқықбұзушылық болып саналады. Бұл мәселе жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуына тікелей әсер етіп қана қоймай, еңбек қатынастарының тұрақтылығына да кері ықпалын тигізеді. Сондықтан жұмыс берушілер үшін еңбекақыны уақытылы төлеу – заңмен бекітілген міндет әрі әлеуметтік жауапкершіліктің маңызды көрсеткіші.
Осы өзекті тақырып аясында “Заң мен тәртіп” бағдарламасында құқық қорғау және еңбек саласының білікті мамандары қатысып, маңызды түсіндірмелер береді:
Облыс прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының прокуроры Еңсеп Берік-Әлі Исатайұлы;
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің басшысы Ермекқалиева Жаңыл Сергейқызы;
Атырау облысының жеке сот орындаушысы Ищанова Гүлманат Ажиханқызы.
Бағдарлама барысында жалақыны кешіктірудің құқықтық салдары кеңінен қарастырылады. Атап айтқанда, жұмыс берушілерге қолданылатын әкімшілік жауапкершілік шаралары, айыппұлдар, сондай-ақ берешекті мәжбүрлеп өндіру тетіктері түсіндіріледі. Сонымен қатар қызметкерлердің өз құқықтарын қорғау жолдары, оның ішінде еңбек инспекциясына, прокуратура органдарына жүгіну тәртібі және сот арқылы құқықтарын қалпына келтіру мүмкіндіктері жан-жақты талқыланады.
Сарапшылар еңбек дауларын болдырмау, алдын алу шаралары мен заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне де ерекше тоқталады. Бұл өз кезегінде қоғамдағы құқықтық сауаттылықты арттыруға және еңбек қатынастарының ашық әрі әділ болуына ықпал етеді.