ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫНДА ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ҰЖЫМДЫҚ ШАРТ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША СЕМИНАР ӨТТІ

ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫНДА ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ҰЖЫМДЫҚ ШАРТ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША СЕМИНАР ӨТТІ

2026 жылғы 23 ақпанда «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Жылыой ауданында «Білім беру ұйымдарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жұмыстарын ұйымдастыру, ұжымдық шарттарды жасақтау» тақырыбында семинар өткізілді.

         Іс-шараға мектеп және балабақша басшылары, еңбекті қорғау инспекторлары қатысты.

         Семинарды кәсіподақ маманы Халидолла Тайпанов жүргізіп, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бақылау, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік мәселелері бойынша баяндама жасады.

         Семинар жұмысына Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы Самал Үбіғалиева қатысты.

         Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырмасы  мен  Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің жоспарына сәйкес, «Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне» еңбек шарттарын уақыттылы, толық, дұрыс  тіркелуін, еңбек шартына қатысты ҚР ӘҚБтК-не енгізілген өзгерістің 2026 жылғы наурыз айынан бастап  күшіне енетіні, яғни еңбек шартарын тіркеу тәртібі бұзылған жағдайда әкімшілік жауапкершіліктің көзделгені, ұжымдық шарттың маңыздылығын, оны жүйеге тіркелуін (цифрландыру), сондай-ақ, кәсіпорындар қызметкерлерін жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартының жасақталуын қамтамасыз ету үшін Жылыой ауданына қарасты білім беру ұйымдарының 50-ден астам қызметкерлеріне ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

         Сонымен қатар, «Әйелге құрмет – қоғамның даму деңгейінің көрсеткіші» ақпараттық науқаны аясында сталкинг (жүйелі түрде қудалау), некеге мәжбүрлеу және әйелдерге қатысты өзге де зорлық-зомбылық түрлері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ол сталкингтің құқықтық салдары, жауапкершілік шаралары және мұндай жағдайлардың алдын алу жолдары жөнінде нақты ақпарат берді.

         Семинар қорытындысы бойынша қатысушылардың сауалдарына толық жауап беріліп, ұйым басшылары өздерін толғандырған мәселелер бойынша нақты түсініктемелер алды.