2025 жылғы 08 тамыз күні, Атырау қаласында облыстық еңбек инспекциясының ұйымдастыруымен, қалалық прокуратура, өңірлік кәсіподақ, жұмыс берушілердің қатысуымен кеңейтілген кездесу өтті. Кездесу барысында қызметкерлерді еңбек міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру мәселелері қаралды.
Іс-шараға ірі және орта кәсіпорындардың өкілдері, мемлекеттік еңбек инспекторлары, сақтандыру ұйымдарының мамандары қатысты.
Кездесуде облыстық еңбек инспекциясы басшылығы міндетті сақтандырудың заңнамалық негізін түсіндіріп, жұмыс берушілердің бұл бағыттағы негізгі міндеттерін атап өтті. Атап айтқанда: Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 7 ақпандағы №30 «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Заңына сәйкес, жұмыс беруші қызметін бастаған айдан кейінгі айдың алғашқы 10 күнінде сақтандыру шартын жасасуы тиіс. Еңбек кодексінің талаптары бойынша қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру және бұл деректерді уәкілетті органға жолдау міндеттелген. Сондай-ақ, сақтандыру шартын жасамаған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 230-бабына сәйкес, 10 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынатыны, ал сақтандырусыз жазатайым оқиға орын алса, барлық шығынды жұмыс беруші өзі өтейтіні айтылды.
Кездесу соңында еңбек инспекциясы барлық жұмыс берушілерді міндетті сақтандыру шартын уақтылы жасасуға және қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге шақырды.