2025 жылғы 28-29 мамырда Астана қаласында өткен еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі KIOSH 2025 XIII Қазақстандық халықаралық конференциясы мен көрмесіне Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы И.А.Аубакиров қатысты. Конференция аясында «Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздіктің болашағы: стратегиялар, трендтер және инновациялық шешімдер» тақырыбында стратегиялық пленарлық сессия өтті. Сессияға Халықаралық еңбек ұйымы мен Халықаралық еңбек инспекторлары қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ 12 елден келген сарапшылар мен компаниялар қатысты. Пленарлық отырыста мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер мен кәсіподақтар арасындағы өзара іс-қимыл, өндірістегі қауіпсіз орта құру және заманауи технологияларды енгізу мәселелері қаралды. KIOSH 2025 XIII көрмесіне ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев пен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қатысып, отандық және шетелдік қатысушылардың жаңа өнімдерімен танысты. Биылғы көрмеге Беларусь, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Қытай, Латвия, Пәкістан, Ресей, Румыния, Түркия және Қазақстаннан келген 91 компания қатысты.