2025 жылдың 27 мамырында Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен ұжымдық шарттарды жасасу барысында ұжымдық келіссөздердегі келіспеушіліктерді талдау тақырыбында семинар өтті. Семинарға Атырау облысы бойынша Департамент басшысының орынбасары К.Иманғалиев, «Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Е.Ұзақбай, «Мұнай көлік» ЖШС-нің директоры А.Кожахаев және локалдық кәсіподақ төрағасы А.Шакеев қатысты. Семинардың негізгі мақсаты – ұжымдық келіссөздер барысында жиі туындайтын келіспеушіліктерді талдау, сондай-ақ оларды шешудің тиімді жолдарын қарастыру болды. Іс-шара барысында К.Иманғалиев Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі талаптарының сақталуы, еңбек қатынастарындағы заңнамалық нормалардың маңыздылығы туралы кеңінен түсіндірме берді. Ол ұжымдық шарттарды жасасу барысында еңбек заңнамасының нормаларын қатаң сақтау қажеттілігін атап өтті. Өз сөзінде Е.Ұзақбай ұжымдық келіссөздер кезінде туындайтын даулы жағдайларда компромисске келудің әдіс-тәсілдерін түсіндіріп, тараптар арасындағы өзара түсіністік пен диалогтың маңыздылығына тоқталды.Семинар соңында қатысушылар ұжымдық келісім-шарттың кейбір ережелері бойынша өз пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарымен бөлісті. Тараптар келісім жобасын әзірлеу барысында заң талаптарын және тараптардың өзара мүдделерін ескеруге келісті.