
Дүниежүзілік сайлау күніне орай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Сапаров аудандағы мүгедектігі бар азаматтардың мүдделерін қорғайтын қоғамдық ұйымдар «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігі Атырау облысы Индер аудандық филиалының өкілі Ұ.Шонышева және мүгедектер құқықтарын қорғайтын «Ақниет» қоғамдық бірлестігі Индер аудандық филиалының өкілі Ә.Өтегеновпен пікір алмасу кездесуін өткізді.
Кездесудің басты мақсаты – ауданымызда мүгедектігі бар азаматтардың сайлау процесіне тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған өзара ынтымақтастықты нығайту.
Кездесу барысында мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын іске асыру бағытында сайлау комиссиялары атқарып жатқан жұмыстар, сайлау процесіне қолжетімділікті арттыру, дауыс беру кезінде қажетті жағдайлар жасау мәселелері талқыланды. Қоғамдық бірлестіктер өкілдері өз ой-пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, тараптар алдағы уақытта бірлескен жұмыстарды жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.