Облыстың 16 елді мекенінде су тазарту станциясын жаңғырту жоспарланып отыр

Облыстың 16 елді мекенінде су тазарту станциясын жаңғырту жоспарланып отыр

Былтыр Махамбет ауданына қарасты 11 ауылда, атап айтсақ, Талдыкөл, Ақтоғай, Таңдай, Ақжайық, Алға, Бейбарыс, Есбол, Сарытоғай, Ортақшыл, Сарайшық, Ескі Сарайшықта жаңартылған су тазарту жүйесі іске қосылды. Ал биыл Құрманғазы, Кадырка, Шортанбай, Жамбыл, Дыңғызыл, Бірлік, Теңіз, Жұмекен, Орлы, Арна, Хиуаз, Индербор, Көктоғай, Махамбет, Еркінқала және Талғайран 16 елді мекендеріне жобалық-сметалық құжат дайындалып жатыр.

- Сонымен қатар қос елді мекенде су тазарту нысандары жаңғыртылуда. 2025 жылы Алмалы (Атырау қаласы) және Аққала (Индер ауданы) ауылдарында қуаттылығы тәулігіне 2300 және 1200 текше метр болатын су тазарту қондырғыларын қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл жобалар тіршілік нәрінің сапасын арттырып, халықтың күнделікті қажеттілігін толық қамтамасыз етуге бағытталған, - деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шарушылығы басқармасының бөлім басшысы Аслан Нұрғалиев.

Атырау қаласында тәулігіне 60 мың текше метр су өңдеуге қауқарлы №6 сүзгі станциясын салу жобасы әзірленіп, бүгінде мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Құрылыс жұмыстары 2025–2027 жылдарға жоспарланған. Барлық жоба кезең-кезеңімен жүзеге асып, облыс халқының өмір сапасын жақсарту мақсатында қолға алынған.