Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Атырау облысы халқының саны 710 876 адамды құрады. Оның ішінде қала халқы – 390 994 адам, ауыл халқы – 319 882 адам.
Облыстың урбандалу деңгейі – 55%.
2024 жылдың 1 қаңтарымен салыстырғанда облыс халқының саны 6 802 адамға көбейген. Атырау қаласы мен барлық аудандарда оң табиғи өсім байқалды, Атырау қаласында ғана көші-қонның оң сальдосы қалыптасты.
2024 жылы облыста 15 159 бала дүниеге келді, оның ішінде 7 780-і – ұлдар, 7 379-ы – қыздар. Туу коэффициенті 1 000 адамға 21,43-ті құрады. 2023 жылмен салыстырғанда туғандар саны 1 389 адамға азайған.
Өткен жылы қайтыс болғандар саны – 3 670 адам, 1 000 адамға өлім-жітім коэффициенті – 5,19. 2023 жылмен салыстырғанда қайтыс болғандар саны 173 адамға көбейген.
2024 жылы өңірде 4 062 неке тіркелді, неке коэффициенті 1 000 адамға 5,74-ті құрады. 2023 жылмен салыстырғанда неке саны 205-ке азайды.
Өткен жылы облысқа 39 551 адам келіп, 44 238 адам облыстан кеткен. Көші-қон айырымы – -4 687 адам. 2023 жылмен салыстырғанда облысқа келгендер саны 36,5%-ға, облыстан кеткендер саны 42,5%-ға көбейген.
Жалпы соңғы 3 жылда Атырау облысындағы халық саны 30 мың адамға өсті.