ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ КҮМБІРІ АТЫРАУДА АСҚАҚТАДЫ

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ КҮМБІРІ АТЫРАУДА АСҚАҚТАДЫ
Ұлттық домбыра күні қарсаңында Атырау төрінде қазақтың төл өнерін ұлықтап, ұлттық рухты асқақтатқан тағылымды шара өтті. Атырау облысы әкімдігі мен Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен, «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен діни бірлестік өкілдері арасында республикалық «Ұлы дала күмбірі» фестивалі ұйымдастырылды.
Н. Жантөрин атындағы облыстық филармонияда өткен республикалық өнер додасы еліміздің түкпір-түкпірінен келген діни бірлестік өкілдерінің, имамдар мен ұстаздардың басын қосып, ұлттық өнер мен рухани құндылықтарды дәріптейтін ерекше шара болды. Фестивальдің басты мақсаты – қазақтың қасиетті қара домбырасын ұлықтау, ұлттық өнерді насихаттау, конфессияаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайту, мәдени байланыстарды дамыту.
Салтанатты жиынның шымылдығы Атырау облысының дін саласында жүзеге асырылған жұмыстарды таныстырған бейнероликпен ашылып, одан кейін туған елге деген сүйіспеншілікті дәріптеген әсерлі ән шырқалды.
Фестивальдің ашылу рәсімінде Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мусаев құттықтау сөз сөйлеп, Ұлттық домбыра күні – ұлттық болмысты жаңғыртып, мәдени мұраны ұлықтайтын маңызды мереке екенін атап өтті. Сондай-ақ, республикалық фестивальдің қоғамдағы бірлік пен өзара сыйластықты нығайтудағы маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Өнер бәйгесіне Астана, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Солтүстік пен Шығыс Қазақстан облыстарынан келген және Атырау өңірінен 14 қатысушы бақ сынады. Олар «Домбыра шеберлігі» және «Ән, терме, жыр орындау шеберлігі» атты екі кезең бойынша өнер көрсетіп, орындаушылық деңгейі, шығармашылық шеберлігі, сахна мәдениеті мен ұлттық нақышты сақтау тұрғысынан бағаланды.
Күй сайысында халқымыздың рухын көтерген Құрманғазы, Түркеш, Төлеген Момбеков, Есбай Балұстаұлы, Әбдімомын Желдібаев сынды күйшілердің туындылары орындалса, екінші кезеңде халық әндері, терме мен жырлар шырқалып, қазақтың сөз өнері мен әншілік дәстүрі кеңінен насихатталды. Әрбір орындаушы сахнада тек өнерін ғана емес, ұлттық құндылықтарға деген құрметін де көрсете білді.
Қазылар алқасының шешімімен «Домбыра шеберлігі» номинациясы бойынша Қарағанды қаласындағы «Төлеутай ата» мешітінің наиб имамы Ысқақов Аңсар Мейрамұлы І орынды (500 000 теңге) жеңіп алды. ІІ орын (300 000 теңге) Ақмола облысы, Көкшетау қалалық «Жақия қажы» мешітінің наиб имамы Темирханов Темирлан Арыстанбекұлына, ІІІ орын (200 000 теңге) Атырау қаласындағы «Парасат» мешітінің азаншысы Махметов Аманат Қанатқалиұлына бұйырды.
Ал «Ән, терме, жыр орындау шеберлігі» номинациясында Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласындағы «Халифа Алтай» мешітінің наиб имамы Саргелов Ербол Шакратұлы І орынды (500 000 теңге) иеленді. ІІ орын (300 000 теңге) Қызылорда облысы, Арал ауданы, Райым ауылдық «Айтуар ата» мешітінің имамы Таймов Аманбай Өтегенұлына бұйырса, ІІІ орын тұғырынан (200 000 теңге) Ақмола облысындағы «Науан Хазірет» мешітінің ұстазы Ақаев Арлан Аманжолұлы көрінді.
Сонымен қатар өнерімен ұлттық мерекеге үн қосқан өзге де қатысушылар алғысхаттармен және ақшалай ынталандыру жүлдесімен марапатталды.
«Ұлы дала күмбірі» фестивалі – ұлттық өнер мен рухани құндылықтарды тоғыстырған тағылымды жоба ретінде көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.Қос ішектен төгілген күй мен жүректен шыққан ән ұлы даланың мәңгілік рухын тағы бір мәрте айшықтап, қазақ өнерінің өміршеңдігін паш етті.
Баспасөз-хатшысы, Шұғыла ЕҢСЕП