ЦИФРЛЫҚ КЕҢІСТІКТЕГІ ПРОФИЛАКТИКА: ТӘЖІРИБЕ МЕН ТИІМДІ ТӘСІЛДЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Атырау қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің бастамасымен, Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен, «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен 1 шілде күні «Онлайн профилактика: тәжірибе және тиімді тәсілдер» атты республикалық семинар өтті. Іс-шара еліміздің әр өңірінен келген дін саласының мамандары, теологтар, мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылардың басын қосып, интернет кеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін талқылауға арналды.
Семинарды Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мусаев ашып, қазіргі цифрлық дәуірде профилактикалық жұмыстың жаңа тәсілдерін жетілдірудің маңыздылығына тоқталды. Ол интернеттің қоғам өміріндегі мүмкіндіктерімен қатар, деструктивті діни идеологиялар мен экстремистік мазмұндағы ақпараттардың таралу алаңына айналып отырғанын атап өтті. Осыған байланысты халықтың, әсіресе жастардың діни сауаттылығын арттыру, сыни ойлау қабілетін қалыптастыру және ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін дамыту – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі екеніне назар аударды.
Жиын барысында онлайн профилактиканың тиімділігі үздіксіз әрі жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен, заманауи цифрлық контентті пайдаланумен және өңірлер арасындағы тәжірибе алмасумен тығыз байланысты екені айтылды. Сондай-ақ профилактикалық жұмыстарға мемлекеттік органдармен қатар теологтар, дінтанушылар, жастар ұйымдары, үкіметтік емес ұйымдар мен медиа саласының өкілдері бірлесе қатысқанда ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болатыны ерекше атап өтілді.
Семинардың негізгі бөлімінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің Интернет кеңістікте діни экстремизмнің алдын алуды үйлестіру басқармасының бас сарапшысы Әлібек Есболатов онлайн байланысқа қосылып, интернет кеңістігіндегі профилактикалық жұмыстарды ұйымдастырудың өзекті бағыттары жөнінде баяндама жасады.
Кейін Атырау облысы Дін істері басқармасының «Ақпараттық-талдау орталығы» КММ басшысының орынбасары Ізбасар Салимов «Интернет кеңістігіндегі ақпараттық қауіптер және оларға қарсы контрпропаганда әдістері» тақырыбында сөз сөйлеп, ақпараттық шабуылдарға қарсы тұрудың тиімді жолдары мен сапалы профилактикалық контент пен материал әзірлеудің маңызын жан-жақты талдап өтті. Оған қоса, «Контр» ақпараттық жүйесінің мүмкіндіктері, жұмыс істеу алгоритімін назарға ұсынып, өңір бойынша жүргізілген сараптама қорытындысын талдады.
Іс-шара барысында өңірлік тәжірибелерге де ерекше көңіл бөлінді. Қызылорда облысы Дін істері басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы Расул Базарханұлы «Онлайн профилактика: терроризм мен діни экстремизмнің алдын алудың заманауи тетіктері» тақырыбында өңірде жүзеге асырылып жатқан тиімді жобалармен бөлісті.
Сонымен қатар «AZAN» интернет радиосының директоры Жандос Темірғалиев «AZAN радиосы – цифрлық ақпараттың жаңа платформасы» атты баяндамасында интернет медианың мүмкіндіктері мен рухани-ағартушылық бағыттағы сапалы контенттің қоғамдағы рөліне тоқталып, AZAN радиосының хабар тарату бағыттарын атап өтті.
Семинар соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, сұрақтарына жауап алды.
Жиын барысында көтерілген ұсыныстар мен тың бастамалар алдағы уақытта онлайн профилактика жұмыстарын жаңа деңгейге көтеруге негіз болмақ.
Баспасөз хатшысы Шұғыла ЕҢСЕП