БІР ШАҢЫРАҚ АСТЫНДА – ДӘСТҮР МЕН КЕЛІСІМ

БІР ШАҢЫРАҚ АСТЫНДА – ДӘСТҮР МЕН КЕЛІСІМ

Атырауда 18 қазан – Рухани келісім күніне орай «Бір шаңырақ астында – дәстүр мен келісім» атты этномәдени бірлестіктер мен конфессиялар форумы өтті. Іс-шара Абай орталығында Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен, “Жәрдем-Атырау” КҚ-ның ұйымдастыруымен жүзеге асып, аймақтың этномәдени, діни бірлестіктері, мемлекеттік органдар мен дін мамандары қатысты.

Форумның мақсаты – Қазақстандағы конфессияаралық келісім, діни төзімділік және ұлтаралық бірлікті нығайту, дәстүрлі діни құндылықтарды насихаттау, конфессияаралық диалогты дамыту, діни ұйымдардың арасындағы татулықты арттыруға ықпал ету.

Шараның шымылдығы ҚР Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, көпшілік назарына Атырау облысында дін саласында атқарылған жұмыстарды, оңалту және ақпараттық-түсіндіру бағытындағы нәтижелерді көрсететін арнайы бейнеролик ұсынылды.
Одан соң сахна төрінде Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би образдары арқылы әділдік пен татулықтың, ел бірлігінің мәнін терең ұғындырған сахналық көрініс қойылды. Ал «Інжу-Маржан» би ансамблінің орындауындағы «Шашу» биі
мерекенің мәнін одан әрі жандандырып, форумның шырайын кіргізді.

Форумды ашқан Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Дүйсембайұлы Шамұратов жиналғандарды атаулы күнмен құттықтап, рухани келісімнің қоғамдағы маңызын атап өтті:
«Бұл күн – еліміздегі түрлі ұлттар мен ұлыстардың, діндер мен мәдениеттердің бейбіт өмір сүруінің, өзара түсіністік пен татулықтың нышаны. Тәуелсіз Қазақстанда жүзден астам этнос пен түрлі конфессия өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл – біздің ең басты байлығымыз», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Салтанатты жиын барысында қоғамдағы рухани тұрақтылық пен діни келісімді нығайтуға үлес қосып жүрген бірқатар сала мамандары мен теологтарға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінің, сондай-ақ Атырау облысы әкімінің Алғысхаттары табысталды. Бұл марапаттарды облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов өз қолымен салтанатты түрде табыс етті.
Ал форумның келесі бөлімінде Атырау облыстық мәслихатының Алғыс хаттарын табыстау рәсімін Атырау облыстық мәслихатының депутаты, Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Жас кеңес мүшесі, “Атамекен Эко” қоғамдық қорының құрылтайшысы Арман Ғабидоллаұлы Хайруллин атқарып, өңірдің рухани дамуына, діни келісім мен ұлтаралық татулықты нығайтуға үлес қосқан мамандарға марапаттарын табыстады. Олардың қатарында өңірдің ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері, дін саласының білікті мамандары, теологтар мен медиа саласының өкілдері бар.

Форумның құрметті қонағы – Рухани келісім күнінің бастамашысы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, танымал композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Парасат» орденінің иегері Төлеген Мұхамеджанов болды. Өнер мен руханият саласында елге еңбегі сіңген тұлға өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп, бұл күннің қазақстандық қоғам үшін маңызын атап өтті. Ал өңір өнерпаздары композитордың “Отан” әнін орындады.

Форум барысында рухани бағыттағы баяндамалар мен пікірлер де тыңдалды. Орталық «Иманғали» мешітінің наиб имамы Мұрат Джамалиддинұлы Мұстафаев дін мен дәстүр сабақтастығы, бейбітшілік туралы мазмұнды ой қозғап, рухани тазалық пен имандылыққа, достыққа шақырды. Ал «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы Андрей Александрович Короблев көпұлтты Қазақстандағы этномәдени бірлестіктердің өзара ынтымақтастығы мен достығының қоғам тұрақтылығына қосып жатқан үлесі жайында айтты.

Мереке қарсаңында облыстық колледж студенттері арасында өткен «Ұлт құндылығы – жастар көзімен» атты театрландырылған қойылым байқауында ерекше көзге түскен Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің студенттері форум көрермендері алдында «Мағжан сенген – біз» атты сахналық туындысын ұсынды. Жастардың отансүйгіштік, имани бағыттағы қойылымы көрермен ықыласына бөленді.

Сахнада республикалық конкурстардың лауреаттары, сондай-ақ би ансамблі өнер көрсетіп, көпшілікке әсерлі музыкалық және би қойылымдарын ұсынды. Іс-шара соңында жүргізушілер форумның рухани маңызын қорытындылап, қатысушыларға алғыс білдірді.

Шұғыла ЕҢСЕП,
Баспасөз-хатшысы